Лицензиясыз ем: жүздеген жеке клиника жабылды

Самал Асқар 04 ақп. 2026 14:53

Қазақстанда жеке медициналық ұйымдарға жүргізілген кешенді тексерулер нәтижесінде шамамен 400 мекеме өз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Dala News.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылы жеке сектордағы медициналық ұйымдарға бақылауды күшейткен. Нәтижесінде ел бойынша 500-ден астам әкімшілік шара қолданылып, салынған айыппұл көлемі 70 млн теңгеден асты.

Тексерулер барысында лицензиясыз қызмет көрсету, біліктілік талаптарының сақталмауы және медициналық көмек стандарттарының өрескел бұзылуы жиі анықталған. Алғаш рет қадағалау тәжірибесінде жедел әрекет ету тетіктері қолданылып, кейбір ұйымдардың қызметі уақытша тоқтатылып, медициналық қызметкерлер жұмысынан шеттетілді.

Негізгі назар жеке процедуралық кабинеттерге, наркологиялық оңалту орталықтарына және стоматологиялық клиникаларға аударылған. Ел бойынша 1900-ден астам процедуралық кабинет анықталып, олардың 406-сы лицензиясыз жұмыс істегені белгілі болды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 247 кабинет өз еркімен жабылған.

Сондай-ақ 39 жеке наркологиялық және оңалту орталығы тексеріліп, олардың 14-інде лицензия мүлде болмаған. Ал 313 стоматологиялық клиниканың 143-і тексеруден кейін қызметін тоқтатуға мәжбүр болған.

Ең жиі кездескен заңбұзушылықтар қатарында лицензиясыз медициналық қызмет, фармацевтикалық ережелердің сақталмауы, кадрлардың талапқа сай келмеуі, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану бар.

Министрлік 2026 жылдан бастап жеке медицинаға бақылауды одан әрі күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, лицензиялардың бес жылдық мерзіммен берілуі, қайта бағалау тетігін енгізу, постлицензиялық бақылауды цифрландыру және жасанды интеллект элементтері бар тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу көзделген.

Ведомство қазақстандықтарды медициналық қызмет алар алдында мекеменің лицензиясы мен мамандардың біліктілігін тексеруге шақырады. Заңбұзушылық анықталған жағдайда азаматтар E-otinish платформасы арқылы тиісті органға шағым түсіре алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove