«Қара тізім» дауы: Айдос Сарым не деді?

Самал Асқар 04 ақп. 2026 16:14

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Украинадағы «қара тізімге» енгізілуіне қатысты редакция тілшісінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айдос Сарымның айтуынша, шетелдегі қандай да бір тізімдер оның қызметіне немесе ұстанымына әсер етпейді, әрі ол бұл мәселені жеке өзі үшін маңызды деп санамайды.

«Ең бастысы – Қазақстанның қара тізімінде болмасам болды. Маған Ресей мен Украина халқы керек емес, олардың бір-бірімен соғысқаны да қызық емес. Мені тек Қазақстанның жағдайы, біздің елдің қауіпсіздігі мен болашағы ғана алаңдатады», – деді депутат.

Сарым бұл мәселеге байланысты Сыртқы істер министрлігіне жүгінбегенін де айтты. Оның сөзінше, Украинада соғыс жағдайында жұмыс істеп жатқан дипломаттарды қосымша мәселемен алаңдатудың қажеті жоқ.

«Дипломаттарға жүк артудың керегі не? Олар қазір Киевте ауыр жағдайда отыр, өз проблемалары жеткілікті», – деді ол.

Депутат әлеуметтік желілер мен медиада бұл тақырыптың кеңінен талқылануына да түсінбейтінін жеткізді. Оның пікірінше, әңгіме қандай да бір мемлекеттік шешім туралы емес, жекелеген сайттың бастамасы жөнінде ғана болып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Dala News редакциясы Айдос Сарымның есімі Украинадағы «Миротворец» сайтының базасында пайда болғаны жөнінде жазған болатын. Аталған сайтта депутатқа қатысты «гуманитарлық агрессияға қатысы бар», «ресейлік нарративтерді таратты» деген сипаттағы айыптаулар келтірілген.

Алайда Айдос Сарым бұл тұжырымдарға жеке-жеке тоқталудан бас тартып, өзіне тағылған айыптарды практикалық мәні жоқ бағалар деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан ішіндегі мәселелер мен ел мүддесі – кез келген сыртқы бағалаудан әлдеқайда маңызды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove