Шымкентте Нұрайдың өліміне қатысты іс бойынша күдіктінің әрекеті аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабымен қайта сараланды,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат Аянхан Омаровтың мәлімдеуінше, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша (аса қатыгездікпен адам өлтіру) дәрежеленген. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Қорғаушы бұл шешімді әділдік жолындағы жұмыстың нәтижесі деп бағалап, Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының тергеу жөніндегі жаңа орынбасары Е.Ережеповке және Тергеу басқармасының басшысы Ж.Құлмаханға ризашылығын білдірген.
Адвокаттың айтуынша, ендігі кезеңде іс толық әрі жан-жақты тергеліп, барлық мән-жай объективті түрде қаралуы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін қоғамда Нұрайдың өліміне байланысты істің әділ тергелуіне қатысты алаңдаушылық туындап, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған еді.
