Қазақстандық етке Кувейттен сұраныс артты

Самал Асқар 04 ақп. 2026 15:27

Қазақстандық Eurasia Agro Semey компаниясы Кувейтке ет өнімдерін экспорттауға бағытталған маңызды келісімдерге қол жеткізді, деп хабарлайды Dala News.

Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшілігінің қолдауымен компания өкілдері Кувейтке жұмыс сапарымен барып, жергілікті ірі агроөнеркәсіптік және сауда құрылымдарымен келіссөздер жүргізді.

Сапар аясында Eurasia Agro Semey мен кувейттік ALMARAI National Co. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат 2026 жылдың тамыз айында Семейдегі ет өңдеу кешені іске қосылғаннан кейін қазақстандық ет өнімдерін Кувейт нарығына жеткізуге ниетті екенін бекітеді.

Бұл келісім Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп қана қоймай, отандық агроөнеркәсіп өнімдерінің Таяу Шығыс нарығындағы орнын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар қазақстандық компания басшылығы Кувейттегі азық-түлік дистрибуциясындағы ірі ойыншылардың бірі Al-Yasra сауда тобымен және елдегі ең ірі супермаркет желілерінің қатарына кіретін The Sultan Center компаниясымен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында жоғары қосылған құны бар қазақстандық өнімдерді Кувейт нарығына жеткізудің ықтимал форматтары талқыланды.

Айта кетейік, Eurasia Agro Semey жобасы кеңес кезеңінде сала флагманы болған Семей қаласындағы Калинин атындағы ет комбинаты орналасқан аумақта жүзеге асырылуда. Компания өңірдің өндірістік дәстүрін сақтай отырып, халықаралық стандарттарға сай заманауи, жоғары технологиялы ет өңдеу кешенін салуда.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, отандық ет өнімдерін жаңа сыртқы нарықтарға жүйелі түрде шығаруға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove