Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желіде Кенесары хан туралы видеоға қатысты пікір білдіріп, қос халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Интернетте қырғыз бен қазақ халқының арасына жік салған видео пайда болды. Қазақ пен қырғыз ежелден бір туған, бір мақсаттағы халықтар", – деді Садыр Жапаров.
Жапаровтың сөзінше, екі бауырлас халықтың арасына от тастап жатқан арандатушылар кездесіп отыр. Мақсаты – тарихты бұрмалап, екі елді жауластыру.
"Арандату үшін оңай тақырыптардың бірі ретінде он тоғызыншы ғасырдағы тарихымыздың трагедиялық беттері, әсіресе, Кенесары ханның қырғыз жеріне басып кіруі және оның өлімімен аяқталған оқиғалар таңдалып отыр. Мен бұл тақырыпты қозғап, шайқалтқысы келетіндердің әрекеттерін көптен бері бақылап келемін", – деді ол.
Қырғызстан президенті бұл оқиғаны өз бетінше оқып, зерделегенін, жақсы білетінін мәлімдеген. Садыр Жапаров белгілі оқиғалар мен тұлғалар жайында ақпарат берген.
"Бұл оқиғалар тарихқа айналды. Одан сабақ алуымыз керек", – деді Жапаров.
Оның айтуынша, араға от салғысы келетіндер екі елде де бар.
"Біраздан бері байқап жүрмін. Екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болды. Ондайлар екі елдің де ішінде бар", – деді қырғыз президенті.
Үндеу соңында Садыр Жапаров Қырғызстан мен Қазақстан жастарының арандатушылыққа бой алдырмайтынына, бірақ тарихты зерттеп, халықтар арасындағы достықты нығайтатынына сенім білдірген.
Оған қоса өзінің қазаққа жиен болып келетінін де айтқан.