Талибтер паранджасыз әйелдерге ауруханаға жүгініп, таксимен жүруге тыйым салды

Асель Қайратқызы 10 қар. 2025 14:57

Ауғанстанның Герат провинциясындағы Талибан әкімшілігі әйелдердің киім кию ережелерін қайтадан қатайтып, барлық әйел-мұғалімдерге паранджа киюді міндеттеді және паранджасыз такси қызметін пайдалануға тыйым салды деп хабарлайды Dalanews.kz

Atlas Press мәліметінше, талибтер тағайындаған Герат губернаторы бұл жарлықты өткен аптада ресми жиында жариялаған. Осы жарлыққа сәйкес, ешбір әйел-мұғалім паранджасыз мектепке кіре алмайды.

Amu TV телеарнасының дерегінше, бұл шектеулер тек мектептерге ғана емес, басқа мекемелерге де қатысты. Соңғы бірнеше күн ішінде паранджасыз әйелдерге аурухана, орталық түрме,  білім департаменті және тіпті банктер сияқты орындарға кіруге рұқсат берілмегені хабарланды.

Талибтер қабылдаған бұл шаралар азаматтық қоғам ұйымдары мен әйелдердің құқықтарын қорғаушылардың тарапынан сынға ұшырады. «Ауған әйелдерінің тарихын өзгерту қозғалысы» өз мәлімдемесінде бұл шешімді «әйелдердің құқықтары мен қадір-қасиетін айқын, тұрақты және жүйелі түрде бұзу» деп атап, бұл шектеуші саясатты дереу тоқтатуға шақырды.

Алайда Kabul Now басылымының хабарлауынша, мұнымен шектеулер аяқталған жоқ. Талибан билігі такси жүргізушілеріне паранджа кимеген әйелдерді тасуға тыйым салды.

Жергілікті дереккөздердің айтуынша, Талибан күштері Герат қаласының әр жерінде бірнеше бақылау-өткізу бекеттерін орнатып, таксилерді тексеріп, денесі мен бет-жүзін толық жабатын дәстүрлі киім кимеген әйелдерді тасымалдаған жүргізушілерді жазалап жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар