АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен келіссөздер туралы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт құлдырады, деп хабарлайды dalanews.kz.
20 мамырдағы сауда-саттық барысында мұнай бағасы бір күнде шамамен 6 пайызға төмендеген. Бұған Трамптың Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердің соңғы кезеңге жақындағанын мәлімдеуі себеп болған. Бұл туралы Yahoo Finance жазды.
Атап айтқанда, шілде айына арналған WTI маркалы мұнай фьючерстері 5,89 долларға, яғни 5,66 пайызға арзандады. Нарық қатысушылары Иран мұнайының әлемдік нарыққа қайта оралуы мүмкін екенін және Ормуз бұғазының ашылуы ықтимал екенін айта бастаған.
Трамп Иранмен келіссөздердің шешуші кезеңіне жеткенін айтып, Тегеранның әрекетін "ақылға қонымды" деп бағалаған. Сондай-ақ ол бейбіт келісімге келу үшін Иранға келесі аптаның басына дейін уақыт берілуі мүмкін екенін жеткізді.
Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс Ормуз бұғазындағы жағдайды күрделендірген еді. Әлемдегі мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі дәл осы стратегиялық бағыт арқылы тасымалданады.
Сонымен қатар мұнай бағасына НАТО елдерінің де ықпалы тиген. Қазіргі таңда альянс елдері Ормуз бұғазы жабық күйінде қалса, шілде айынан кейін сауда кемелерін әскери сүйемелдеу мәселесін талқылап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл Парсы шығанағындағы мұнайдың бір бөлігін қайтадан әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Дегенмен мамандар әлемдік мұнай нарығындағы тапшылық жақын арада жойылмайтынын айтады. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, наурыз-сәуір айларында әлемдік қор күн сайын шамамен 4 миллион баррельге қысқарған.
Сарапшылардың болжамынша, соғыс жақын арада аяқталған күннің өзінде, мұнай нарығындағы айтарлықтай тапшылық кем дегенде қазан айына дейін сақталуы мүмкін.
Ал Goldman Sachs дерегіне сәйкес, Парсы шығанағындағы мұнай өндірісі тәулігіне 14,5 миллион баррельге дейін төмендеген. Дағдарыс басталғалы бері әлемдік қоймалардан шамамен 500 миллион баррель мұнай алынған. Маусым айына қарай бұл көрсеткіш 1 миллиард баррельге жетуі мүмкін.