Алматылық "Қайрат" футбол клубының бұрынғы капитаны әрі шабуылшысы Сергей Рожков өмірден өтті. Ол 84 жаста еді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сергей Рожковтың қайтыс болғаны туралы ақпарат футбол клубының Instagram парақшасында жарияланды.
"84 жасқа қараған шағында қазақстандық футбол ардагері, "Қайраттың" бұрынғы шабуылшысы Сергей Рожков дүниеден өтті. Сергей Егорович "Қайрат" сапында 1966-1967, 1970-1973 және 1975-1976 жылдары өнер көрсетті. Алматылық клуб құрамында ол 203 матч өткізіп, 25 гол соқты. Команда капитаны болды және өз буынының ең жарқын өкілдерінің бірі ретінде есте қалды", – делінген клуб хабарламасында.
Сондай-ақ 1971 жылы Сергей Рожков "Қайратпен" бірге Теміржолшылардың халықаралық спорт одағы кубогының иегері атанғаны айтылды.
Ол КСРО спорт шебері, 1969 жылғы КСРО чемпионы, КСРО кубогының екі дүркін иегері болған. Сонымен қатар КСРО құрамасы сапында бір матч өткізген.
"Сергей Егорович клубымыздың және Қазақстан футболының тарихында елеулі із қалдырды. "Қайрат" футбол клубы Сергей Егоровичтің туған-туыстарына, жақындарына, достарына, бұрынғы командаластарына және оны таныған барша жанға қайғыра көңіл айтады", – деп хабарлады алматылық клубтың баспасөз қызметі.
