Әкесі генерал, өзі қандықол қылмыскер: Мәскеуді үрейде ұстаған маньяк

Әкесі генерал, өзі қандықол қылмыскер: Мәскеуді үрейде ұстаған маньяк
ашық дереккөзден

Кеңес Одағы Батырының ұлы Анатолий Бирюков бір кездері Мәскеу мен Чехов қалаларының тұрғындарын үрейде ұстаған қылмыскер ретінде тарихта қалды. Кейін "балалар аңшысы" деген лақап атқа ие болған ол қысқа уақыт ішінде бірнеше сәбидің өмірін қиған. Қылмыскерді іздеуге Мәскеу полициясының үлкен күші жұмылдырылды. Ал оның ұсталғаны генерал-лейтенант, Кеңес Одағының Батыры Николай Бирюков үшін ауыр соққы болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Анатолий Бирюков 1939 жылы Мәскеу облысындағы Чехов қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Николай Бирюков Ұлы Отан соғысының ардагері, генерал-лейтенант әрі Кеңес Одағының Батыры болған. Ол ұлын қатал тәртіппен тәрбиелеп, болашағынан үлкен үміт күткен.

Алайда Анатолийдің балалық шағында болған бір оқиға оның тағдырына қатты әсер етті. Сегіз жасында әкесінің патрондарын бөлшектемек болған кезде жарылыс болып, бала ауыр жарақат алады. Сол жарақаттан кейін оның бетінде өмір бойы кетпейтін тыртық қалады. Кейін ол бұл тыртықты адамдарға қайнаған суға күйіп қалғанынан деп түсіндіріп жүрген.

Осы оқиғадан кейін айналасындағылардың мазағы көбейіп, Анатолий тұйық бола бастайды. Адамдармен араласудан қашқақтап, өз әлеміне жабылады. Соған қарамастан мектепте жақсы оқып, мұғалімдерінің мақтауына ие болған. Кейін әкесінің әскери жолын жалғастырмай, слесарь мамандығын таңдаған. Құрылыс саласында еңбек етіп, отбасын құрып, екі қыздың әкесі атанған.

Бирюковтың балаларға қатысты қауіпті әрекеттері 1971 жылы байқала бастаған. Сол кезде ол балалар емханасының жанында тұрған арбамен бірге сәбиді алып кетуге әрекеттенген. Анасы дер кезінде байқап, көмек сұрағаннан кейін ер адам ұсталады. Алайда ол бұл әрекетін "қараусыз қалған балаға сабақ болсын деп жасадым" деп түсіндірген. Полицейлер оның сөзіне сеніп, босатып жібереді.

Бір жылдан кейін ол тағы да баланы ұрламақ болған кезде қолға түскен. Кей деректерде оның үш жылға сотталғаны айтылса, басқа мәліметтерде жазадан құтылып кеткені көрсетіледі. Осы оқиғадан кейін әйелі онымен ажырасып кеткен.

1977 жылдың күзінде Мәскеуде жантүршігерлік қылмыстар тізбегі басталды. Алғашқы құрбандардың бірі үш айлық сәби болды. Қылмыскер баланы қараусыз тұрған арбадан алып кетіп, кейін оны өлтіріп тастаған.

Араға бірнеше күн салып тағы бір сәби жоғалды. Бір айдан кейін оның денесі табылды. Тергеушілер екі оқиғаның да бір адамның қолымен жасалғанын түсінгенімен, нақты күдіктіні бірден анықтай алмады.

Кейін тағы бір бала ұрланып, көп ұзамай өлі күйінде табылды. Осыдан кейін Мәскеуде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырудан қорқып, қала тұрғындары арасында үрей күшейді.

Полиция күдіктінің фотороботын жасап, іздеу жұмыстарын күшейтті. Мұны сезген Бирюков қылмыстарын туған жері Чеховта жалғастыруға тырысқан. Онда да екі сәби жоғалып, кейін өлі күйінде табылған.

1977 жылдың 21 қазанында ол тағы бір баланы алып қашпақ болған кезде анасы байқап қалып, айғай көтереді. Қуғыннан құтылу үшін Бирюков сәбиді жерге тастап, қашып кетеді. Абырой болғанда, бала аман қалған. Ал куәгерлер қылмыскердің түрін анық көріп үлгерген.

Осы оқиғадан кейін жасалған фоторобот тергеушілерді нақты күдіктіге алып келді. Көп ұзамай полиция Бирюков жұмыс істейтін құрылыс мекемесіне барып, оның жеке басын анықтады. Қылмыскер сол күні өз үйінде ұсталды.

Тергеу кезінде Анатолий Бирюков бес сәбиді өлтіргенін мойындаған. Ол жасаған қылмыстарын егжей-тегжейлі айтып берген.

Алғашында Бирюков әкесі өзін құтқарып қалады деп сенген. Николай Бирюков та бастапқыда ұлының мұндай ауыр қылмысқа барғанына сенгісі келмей, оған тәжірибелі адвокат жалдаған. Бірақ сот барысында дәлелдер толық расталғаннан кейін генерал көпшілік алдында ұлынан бас тартты.

Сот-психиатриялық сараптама Анатолий Бирюковты есі дұрыс деп таныды. Сот оны өлім жазасына кесті. Қылмыскер бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсамақ болғанымен, әрекеттері сәтсіз аяқталған. Кейін түрлі органдарға кешірім сұрап өтініш жазған, бірақ бәрі қанағаттандырылмады.

Анатолий Бирюков 1979 жылдың 24 ақпанында атылды. Ол 40 жасқа толғаннан кейін көп ұзамай өлім жазасына кесілген.