Таразда босанған әйел қанға түскен қауіпті инфекциядан қайтыс болды. Облыстық перинаталды орталықта ота арқылы босанған әйелдің екі күннен кейін қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған. Тексере келе, оның қанынан сепсис болғаны анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.
Телеарна мәліметінше, он күннен аса ес-түссіз жатқан әйел жансақтау бөлімінде жан тапсырған. Перзентханаға "өз аяғымен келіп, ауру тапты" деген марқұмның туыстары дәрігерлер отаны "салғырт жасаған" деп отыр. Олардың сөзінше, айы күні жетіп тұрған әйелге ота жасауға ақша талап еткен. Марқұмның туыстары науқастың денсаулығын ойламай, қаражат талап еткен перзентхана ұжымы "тиісті жазасын алсын" дейді.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жүкті әйелді перзентханаға алдын ала алып келгенде, дәрігерлер өз күшімен босанады деп, үйіне қайтарып жіберген. Алайда айы-күні жетіп, жүктіліктің 40-аптасынан асқан кезде дәрігерлер баланың салмағы үлкен деп, ота жасауға бағыттаған.
Марқұмның жақындары дені сау әйелге қауіпті кесел "перзентханадан жұқты" деп отыр. Олар дүние есігін ашқан нәрестенің денсаулығы жақсы екенін айтады.
Ал облыстық денсаулық басқармасының мамандары ана өліміне қатысты істі тексеру үшін жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. 37 жастағы келіншектің артында бес баласы қалды. Мұндай қайғылы оқиға биыл облыстық перенаталдық орталықта екінші мәрте тіркеліп отыр.