Тараздағы облыстық перинаталдық орталықта кесарь тілігі арқылы босанған 37 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болуы мүмкін деп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, әйел отадан кейін екі күн өткен соң қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлаған. Кейін оның қанға түскен қауіпті инфекциядан зардап шеккені айтылған. Он күннен астам уақыт жансақтау бөлімінде жатқан келіншекті дәрігерлер аман алып қала алмаған.
Марқұмның жақындарының сөзінше, ол перзентханаға дені сау күйінде өз аяғымен барған. Олар дәрігерлер ота жасау үшін ақша талап етті деп те айыптап отыр.
Туыстары әйелдің сөйлей алмай қалған кезде күйеуіне жазып қалдырған хатын жариялады.
"Мені бұл жерден тезірек басқа жаққа алып кетші. Үш күннен бері сусыз жатырмын. Алып кетші, өлетін болдым", – деп жазған ол.
Отбасының айтуынша, әйелді перзентханаға алдын ала апарғанда дәрігерлер оның өздігінен босана алатынын айтып, үйіне қайтарған. Кейін жүктілік мерзімі 40 аптадан асқанда баланың салмағы үлкен деген себеппен кесарь тілігіне жіберілген.
Марқұмның күйеуі Елдос Есеев әйелінің бұған дейін төрт баласын өздігінен босанғанын айтты.
"Оны өз көлігіммен, дені сау күйінде алып келдім. Бұған дейін төрт баласын осы перзентханада өзі босанған. Бесіншісінде кесарь тілігін жасап, осындай жағдайға түсті", – деді ол.
Жақындары инфекция әйелге перзентханада жұққан болуы мүмкін деп күмән келтіреді. Олардың айтуынша, дүниеге келген сәбидің денсаулығы жақсы.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы ана өліміне байланысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізбек.
"Ана өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады", – деді басқарма өкілі Айжан Терлікбаева.
Марқұмның артында бес баласы қалды. Бұл – биыл облыстық перинаталдық орталықта тіркелген екінші ана өлімі.