Қараша айының ішінде бір адам маған Мұстафаның хатын өкеліп берді.
Бұл хатында Мұстафа соғыс тұтқындарының шегіп жатқан азабы мен жантөзгісіз халдерін жіктеп, суреттеп жазған болатын.
Бұл бейшара, жазықсыз жандардың мазаққа ұшырап, аз ғана қателіктері үшін бірден ату жазасына кесіліп жатқандарын, оларға катгы жаны ашитынын, оларды құтқару үшін жылап-сықтап басшылыққа жалбарынғанын айтты.
35 мұсылман тұтқынын сүндеттелгендігі үшін еврейлер екен деп өлтіргелі жатқан жерінен құтқарып қалғанын, аштықтан тұтқындардын өз жолдастарының жүрегі мен өкпесін жегенін, сақырлаған сары аязда жалаңаш қалпы терең құдықтарды паналағандарын, кұдықтың қабырғаларын жаңбыр мен қардан қорғану үшін қолдарымен қазғандарын көріп шыдай алмайтынын, оларға көмектесе алмайтын болғандықтан одан да өлімді артық санайтынын жазды.
Мәселенің сұмдык жағы тағы бар.
Немістердің зорлығын көре тұра орыс тұтқындар да біздікілерге бір тілім нанның ақшасын немесе бір темекі де бермейді екен.
Әсіресе Мұстафаның жазғанына қарағанда, Богданов дегеннің айуандық әрекеттерін айтуға тіл жетпесе керек.
Тұтқындағылардың бұл үрейлі жағдайлары туралы әкімшілік орындарына жазған хатында Мустафа:
«Сіздер, немістер. өздеріңізді Еуропадагы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда ІІІыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендікдеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ», – депті және бұл хатты СС офицерлерінің біреуіне табыс еткен.
Офицер бұл хатты оқып шығып, Мұстафаға «пікірлеріңді өте тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа оған «Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымьн.
Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң тіпті де өмір сүргім келмейді» деп жауап бергенін, шынымен де ұйқысы қашып, ештеңеге зауқының жоқ екенін жазған еді маған.
Хатында ол бұл хаттың көзін жоюым керектігі жөнінде де айтқан болатын. Хатты әкеліп берген адамда көзінше бұл хатты жағып жіберуімді өтінді. Мен хатты екі рет оқып шықтым да, отқа жағып жібердім.
Мен Полтавадағы танысым Сувалкиден, Ченстоховтан жазған открыткаларын алып тұратынмын, ең соңғы хатында ол маған өздері тұрған жерде сүзек (тиф) ауруының таралғанын жазып еді.
Мұстафа кейіннен «түркістандық тұтқындармен кездесуім көп нәрсені өзгертті. Жазғандарымда жаңылмаппын.
Тұтқындар арасынан жақын туысымды да тауып алдым. Үйге келген соң оны қасыма алып алуға тырысамын.
Менің жоғары орындарға жазған хатым жақсы әсер еткен сияқты. Жұмыс көп, жалғыз өзім бәріне үлгере алмаймын, көмекші керек. Тезірек қалайда карантинге жауып тастамай тұрганда құтылып шығыуым керек» деп жазды.
Алайда ол құтылып шыға алмады, Ченстоховта карантинде екі апта шыдапты.
1941 жылдың 19-желтоқсанында 40 градус температурамен Берлинге келіпті. Доктор, профессор Рудневті шақыртады, алайда дәрігер оның науқасын анықтай алмайды да, сүзек болуы керек деген оймен ауруханаға жібертеді. Мұстафа өзін Ногентке жіберулері үшін қанша жалынса да, оны тыңдаған ешкім болмайды.
Бұл жайттарды мен науқас кезінде Мұстафаны көрген досым Н. И. Знегелден естіп, білдім.
Мұстафа оған барып, өзін Францияға жібермегендерін айтып, шағым еткендей болыпты. «Үйде тезірек жазылып кетер ме едім» депті. Оның іші қатты ауырыпты. Одан бұрын да Ресейде жүргенде сүзекпен ауырған, алайда ол кезде басы қатты солқылдап ауырған, сондықтан да қазіргі науқасынын сүзек емес екендігіне сенген.
Ауруханада есін жия алмай 7 күн жатыпты. Сол тұста оның ауруын басатын дәрілер берген көрінеді.
27-желтоқсан күні кешкі сағат 6.30-да медбике бір ине салыпты да, одан не қалайтынын сұрапты. Мұстафа бұл сауалға «ұйқы» деп жауап беріпті де, талықсып кетіпті, содан кейін еш оянбаған.
25-желтоқсан күні маған немістің бір әскери адамы келді де, француз тілінде жолға дайындалуым керектігін, күйеуімнің өте ауыр науқас екендігін айтты. 26-желтоқсан күні сағат 22-де екі неміс адамымен бірге Берлинге жолға шығып, 27-желтоқсан күні кешке, сағат 21-де келдік.
Вокзалда мені қалмақ Шамба Валинов күтіп алды, ол маған «Мария Яковлевна, ең жаман нәрсеге өзіңізді дайындаңыз» деді.
Менің жүрегім тоқтап қалғандай болды. «Өлтірілді ме?» деп сұрадым. «Жоқ, – деді ол, – Мұстафа бір сағат бұрын сүзек ауруынан қайтыс болды».
Мен күйеуімді тезірек көргім келетінін айттым...
Мария Яковлевна ШОҚАЙ,
«Мұстафа Шоқайұлы жұбайының естеліктері» кітабынан.
Ыстанбул, 1972. Орысшадан түрік тіліне аударған Сабыр Түркістани.
Үзіндіні түрікшеден аударған — Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аспиранты Харун ЧЕЛИК.