Талғат Ысқақов: Отандық өндірісті дамыту үшін ішкі нарықты қорғау қажет

Dalanews 02 қыр. 2024 15:30 4950

Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауда терең өңдеу тәсілдерін меңгеру қажет екенін ерекше атап өткен еді. Инвестор тартып, аймақтарды өркендету үшін қандай әрекет жасалуы керегін Bal Tekstil кілем фабрикасының бас директоры Талғат Ысқақовтан сұрадық.

Кәсіпкердің айтуынша, отандық өндірісті дамытып, инвестор тарту үшін бірінші кезекте ішкі нарықты қорғау қажет. «Мысалы көршілес Өзбекстанда ішкі нарық қорғалғандықтан, өндірісі жақсы дамып жатыр. Ол жақта шетелден келетін дайын өнімдерге кедендік баж салығы жоғары. Ал бізде импорттық тауарларға баж салығы төмен. Осы себепті бізге шетелден дайын өнім әкеліп сатқан тиімді. Отандық өндірісті дамытып,  өз бұйымдарымызды шығару қиын. Шетелдік өндірушілермен бәсекелесу оңай емес. Сондықтан өзімізден шығатын өнімдердің шетелдік баламасы болса, жолына акциз не қосымша салық секілді кедергі қою керек. Оны белгілі бір мерзімге, 5-10 жылға қойса болады. Яғни бастысы аяққа тұрып кетуге көмектесу қажет» дейді Талғат Ысқақов. 

«Жалпы алғанда бізде мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге қолдау жақсы. Жеңілдетілген несиелер, жер телімдері — бәрі бар. Жетпей тұрғаны — ішкі нарықты қорғау ғана. Осы әрекет болмағандықтан, инвесторлар қызықпайды. Келесі бір айтатын жайт: шикізат күйінде шетелге сатуға тыйым салған жөн. Мәселен оңтүстікте мақта егіледі. Соны шикілей сатуға тыйым салу керек. Сонда ғана мақтадан — жіп, жіптен мата жасалады. Сол кезде мемлекеттен тікелей қолдау керек болады. Қолда бар затты тереңдетіп өңдеуге мүмкіндік қажет».     


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар