Ақбаян мен Сұлтан қалай танысқан: отбасы тарихына қатысты жаңа деректер айтылды

Ақбаян мен Сұлтан қалай танысқан: отбасы тарихына қатысты жаңа деректер айтылды
ашық дереккөзден

Ақбаян Мұқанғалиеваның жақындары оның Сұлтан Сәрсемәлиевпен қалай танысқанын айтып берді. Олардың сөзінше, Ақбаян мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алған. Кейін Атырауға қоныс аударып, жәрмеңкеде жұмыс істеп жүрген кезінде Сұлтанмен танысқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Екеуі 2016 жылы отбасын құрған. Алайда туыстарының айтуынша, дүркіретіп үлкен той жасалмаған. Күйеу жігіт жағы қыз алып қашу дәстүрін қолданған. Кейін екі тараптың туыстары кездесіп, танысып, шағын отырыс өткізген. Бұл некеден бес бала дүниеге келген.

Отбасылық өмір бірқалыпты болмаған. 2022 жылы Ақбаян үш баласын ертіп, ата-анасының үйіне кетіп қалған. Жақындарының айтуынша, анасы қызының енесімен бірге тұрғанын қаламаған және олардың Атырауда бөлек тұруын қалаған. Ал Сұлтан өз ата-анасын тастап кетуге қарсы болған. Осы келіспеушіліктен кейін ерлі-зайыптылардың арасы алыстап, кейін ресми түрде ажырасқан.

Дегенмен көп ұзамай екеуі қайта татуласып, бірге өмір сүре бастаған. 2024 жылы Ақбаян бесінші баласына жүкті болған.

Сол жылдың тамыз айында Жангелдин ауылына барған кезде Ақбаянның денсаулығы күрт нашарлаған. Дәрігерлер оған пневмоторакс диагнозын қойған. Ота жасалғаннан кейін ол шамамен 20 күн комада жатқан.

Тергеу материалдарында осы жағдайдан соң Ақбаянның психикалық денсаулығында қиындықтар байқалғаны айтылады. Қазір бұл деректер ауыр қылмысқа қатысты істің мән-жайын анықтау барысында қарастырылып жатыр.