14 жастан бастап жұмыс: оқушыларға жаңа мүмкіндік берілді

14 жастан бастап жұмыс: оқушыларға жаңа мүмкіндік берілді
Gov.kz

Қазақстанда оқушылардың жазғы демалыс кезінде қауіпсіз әрі ресми жұмыс табуына мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, былтырдан бастап электрондық еңбек биржасы enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі іске қосылған.

Жоба аясында 14 жастан бастап оқушылар платформаға тіркеліп, жеке кабинет ашып, түйіндеме орналастыра алады және өз бетінше жұмыс іздейді. Ал 16 жасқа дейінгі оқушылардың аккаунтын заңды өкілдері рәсімдейді.

«Бұл оқушыларға платформада тіркеліп, түйіндеме жариялап, өзіне қолайлы жұмысты іздеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге барлық еңбек қатынастары ресми рәсімделеді», – деді Асқарбек Ертаев.

Министрліктің мәліметінше, платформа арқылы жұмысқа орналасу кезінде еңбек шарты міндетті түрде жасалады, бұл оқушылардың құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.

Биылғы жылдың басынан бері «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы 1 024 оқушы жұмысқа орналасқан.

Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 552 оқушыны құраған.

Жалпы, өткен жылдан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 8,5 мыңнан астам жас қамтылған.

Олардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Министрлік мұны мұндай жұмыстарға орналасу кезінде арнайы білімнің талап етілмеуімен түсіндірді.

Биыл оқушыларды жұмыспен қамту шаралары оқу жылы аяқталғаннан кейін басталады.