Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Маруанұлы Байсуфиновтың өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Федерация бас бапкердің отставкасын өкінішпен қабылдап, оның шешіміне құрметпен қарайтынын атап өтті.
КФФ мәліметінше, Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы басқарған кезеңде өз жұмысындағы ең үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз алаңында Бельгиямен тең ойнап, жанкүйерлердің сенімін ақтады.
Сондай-ақ Байсуфиновтың басшылығымен команда өз күшіне деген сенімділігін қайта қалыптастырып, FIFA рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартты.
Қазақстан футбол федерациясы Талғат Маруанұлына кәсібилігі, ұлттық құрамаға деген адалдығы және қазақстандық футболдың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Федерация ұлттық құраманың жаңа жаттықтырушылар штабына қатысты шешім кейінірек жарияланатынын жеткізді. Қазіргі уақытта команда алдағы матчтарға дайындықты жоспарлы түрде жалғастырып жатыр.