Талғардағы трагедия: Шерзатқа шабуыл жасаған екі күдікті бұған дейін де істі болған

Қаракөз Амантай 09 қаз. 2024 15:11 20985

Марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған екі жігіт бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот деректеріне сүйенсек, азамат А. және оның досы бұған дейін де бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Өткен жылдың күзінде азамат Н. екеуі жанармай бекетінде бейтаныс жігітке шабуыл жасап, орташа дәрежедегі жарақат салған. Алайда сотта екі тарап татуласып, істі жылы жапқан.

Азамат Н. болса, қазіргі уақытта төбелес үшін шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Оның бұған дейін адамдарға төрт мәрте шабуыл жасағаны белгілі болды. Бірақ жәбірленушілер оған белгісіз себептермен кешірім беріп, татуласуға келіскен.

Holanews.kz агенттігі осыған қатысты сот деректерін бөлісті.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

“Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды”, - дейді Алматы облысының полиция департаменті.

Мәліметке сәйкес, жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатысын анықтау үшін тергеу шеңберінде тексеру жүргізілуде.

“Әрқайсына жеке құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабарланып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, - деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар