Талғар қаласының әкімі сайланды

Жарбол Кентұлы 16 жел. 2024 15:42 1070

15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында «AMANAT» партиясынан ұсынылған Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады. Сонымен қатар, 182 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасады.

Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і өз таңдауын жасады. Қатысу деңгейі 30,1%-ды құрады.

1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген Арыстанбек Әбілқайырұлы – мамандығы бойынша эколог. Өз еңбек жолын 2005 жылы «MAG group» құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған. Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.

2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.

Тұрғындардың қолдауына ие болған Арыстанбек Әбілқайырұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында Талғар қаласын дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды.

Арыстанбек Әбілқайырұлы қаланың экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнесті қолдауға уәде берді. Сонымен қатар, қалада жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал етіп, жергілікті өнімдерді өндіруге басымдық бермек.

Инфрақұрылымды дамыту мәселесінде жол-көлік жүйесін жаңартуға ерекше назар аударады. 2026 жылға қарай 20 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көлік кептелісін азайту мақсатында қалада жаңа көпір салуды қолға алмақ. Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2028 жылға дейін толыққанды шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Әлеуметтік салада тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге ерекше мән беріп, «Талхиз» мұражайын ашуға ықпал етпек. Сонымен бірге, №2 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камераларын орнатып, жаяу жүргіншілер жолын жаңарту және жарықтандыру жүйесін дамыту шараларын қолға алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар