Елі мен жерін қалтқысыз сүйген азаматпен халқы қимастықпен қоштасты. Марқұмды кіндік қаны тамған Алматыдан 100 шақырым жердегі Беріктас ауылында жер қойнына тапсырды.
Соңғы сапарына дүйім жұрт болып шығарып салды. Талғар ауданы әкімдігінің алдына Жолан Омаровтың суреті қойылып, аудан жұртшылығы әкімдіктің алдына гүл қойып, рухына тағзым жасады.
«Қалықтап қыранда, бауырлап жыланда» шығатын биігіне асыл ер көзі тірісінде жетті. Оның шыңға шығудағы ерекшелігі адалдығы мен парасаттылығында еді.
Қанша жастың шамшырағын жаққан бірегей басшы бола білді. Билік пен бұқараның арасында көрінбес кедергіні бұза білген арда азамат еді.
Мынау кең дүниеге сыймай кеткен, өмір бәйгесінің тұлпары мәңгілік мекеніне аттанған күні Хан Тәңірдің аңғары да сіркіреп қоя берді.
Кісілігі мен кішілігі бір төбе, туралығы бір төбе болған Жолан Омаровтың қазасы кімге де болса оңай тиген жоқ. Артында төрт бірдей перзенті, асыл жары, ағайын-жұрты қалды. Аққан жұлдықдай жарқ етті. Бақұл бол, елінің асыл ері!
Белгілі ақын Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында марқұмды "елдің ықыласына бөленген әкім" деп атады.
"Ыбырайақын ағамыз бен шешемізге, Ұлан бауырымызға, Жоланның жағасына кір қондырмай, күндіз-түні қас қабағын күзеткен, алтын асықтай төрт перзент сыйлаған Тоғжан келінге басу айттық. Жағдайға қарамастан жер қайысқан халық жиналды. Екі жастың біріне келмей ел-халықтың ықыласына бөленген Азаматтың иман нұры пейіште шалқысын.
Халықтың махаббатына, шапағатына бөленген мұндай басшылар сирек қой...", – деді Жанарбек Әшімжан.
Марқұм екі апта бойына пневмониямен күресіп, аурухана жатқан, алайда қатерлі індетті көтере алмады. Жолан Омаров небәрі 41 жасында өмірден өтті.
Мемлекетті қызметке келмей тұра кәсіпкерлікпен айналысты. Кейіннен Қасқелеңдегі жер бөлімінде еңбек етті, Алматы облыс жер қатынасы және туризм бөлімін басқарды. Райымбек ауданының әкімі болды.
Dalanews.kz редакциясы марқұмның ата-анасы, жұбайы, балалары , туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады!