Каспийдегі апаттан аман қалған үш сарбаздың ауруханадағы суреті жарияланды

Каспийдегі апаттан аман қалған үш сарбаздың ауруханадағы суреті жарияланды
Фото: әлеуметтік желіден

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған Ақжол, Бекет және Никита есімді үш сарбаздың ауруханада түскен ортақ суреті әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Фотосуретті Ақжолдың анасы Самал Кеуелова Instagram парақшасына жүктеп, ауыр күндерде балаларына қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді.

Жарияланған кадрда үш сарбаздың аурухана бөлмесінде бір дастарқан басында отырғанын көруге болады.

Самал Кеуелова сол күндері тек өз ұлына ғана емес, Бекет пен Никитаға да анадай қамқор болғанын жазды.

"Ауруханада жатқан сол 3-4 күнде тек Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болдым", – деп жазды ол.

Оның айтуынша, сарбаздарға туған-туыстарымен қатар Ақжолдың Астанадағы топтастары, бұрын мүлде таныс болмаған азаматтар және аурухана қызметкерлері де көмек көрсеткен.

"Сол күндері бір нәрсені терең түсіндім: қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді", – деді Самал Кеуелова.

Сарбаздың анасы отбасыларын жалғыз қалдырмай, үш жігіттің жағдайын сұрап, қолдау білдірген барлық адамға ризашылығын жеткізді.

"Бізді жалғыз қалдырмаған, уайымымызды бөліскен, балаларымызға жанашырлық танытқан баршаңызға мың алғыс! Алла әрқайсыңыздың жақсылығыңызды еселеп қайтарсын!" – деп түйіндеді ол.

Ақжол, Бекет және Никита Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздар.