Қазақстанда автожол саласын реформалау, жол құрылысының сапасын арттыру және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту үшін үкіметтік жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен құрылған топ жол құрылысының қолданыстағы жүйесін, сапаны бағалау тәсілдерін және техникалық стандарттарды қайта қарауы керек.
Реформаның негізгі бағыттарының бірі жол инфрақұрылымын басқарудың жаңа тетіктерін енгізу болмақ. Бұл ретте цифрлық шешімдерді қолдану, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру мәселелеріне басымдық беріледі.
Жұмыс тобына Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Оның құрамына бірқатар министрліктің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазАвтоЖол», «ҚазМұнайГаз» және жол сапасы мен құрылыс саласындағы ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен Құрылтай депутаттары кірді.
Олжас Бектенов жұмыс тобына 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін автожол саласын түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Құжатта заңнамалық өзгерістер де қарастырылуы тиіс.