Астанада Astana Media Week халықаралық медиа апталығы басталды

Астанада Astana Media Week халықаралық медиа апталығы басталды
ашық дереккөз

14–16 қазан аралығында Астанада Astana Media Week медиа апталығы оныншы рет өтеді. Биылғы шарада бұқаралық ақпарат құралдарының даму бағыты, журналистикада жасанды интеллектіні қолдану және қоғамның ақпаратқа деген сенімін сақтау мәселелері талқыланады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылып жатыр. Оған мемлекеттік органдардың, Қазақстан мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялардың өкілдері және медиа саласының мамандары қатысуда. Биылғы кездесуге Әзербайжанның ақпарат құралдары да келген.

Медиа апталықтың негізгі шарасы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдағы өзгерістер және сенімнің жаңа жүйесі» атты пленарлық отырыс. Оған Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан және халықаралық медиа саласының өкілдері қатысады деп жоспарланған.

Кездесуде халықаралық медиа байланыстарын дамыту, шетелдік аудиторияға арналған материалдар әзірлеу, журналистикада жасанды интеллектіні пайдалану және ақпаратқа деген сенімді нығайту мәселелері сөз болады.

Бағдарламада ақпараттың шынайылығын тексеру, жасанды интеллект көмегімен бірнеше тілде хабар тарату және цифрлық медиа платформаларды дамыту бойынша шеберлік сабақтары да қарастырылған.

Медиа апталық 16 қазанда QAZAQSTAN MEDIA AWARDS кәсіби марапаттарын табыстау рәсімімен аяқталады.