Астанада тауарларды беру пунктінің 19 жастағы қызметкері 14,9 млн теңгеден аса сомадағы тауарларды ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қызметкер маркетплейс қосымшасы арқылы түрлі тауарға, соның ішінде алтын бұйымдарға, киім-кешекке, азық-түлікке және басқа да тауарларға тапсырыс рәсімдеген. Тауарларды алған кезде оларды жасырын түрде иемденіп, орнына басқа заттарды қайтару немесе қоймаға өзге заттарды өткізу арқылы тауарларды ауыстырып отырған.
Мәселен, құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаларға тапсырыс беріп, оларды әшекей бұйымдарға ауыстырып, сатушыға қайтарған. Барлығы 14,9 млн теңгеден аса сомаға 195 тауар ұрлаған.
Сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.