«Яндекс Go» сервисіндегі ауқымды ақаудан кейін таксиге сұраныс күрт артты. Жолаушылар жолақысы үш есеге жуық қымбаттағанына шағымданды. Осы жағдайға байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive компаниясына ресми ескерту жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алайда компания бұл айыптаулармен келіспейді. inDrive мәліметінше, сұраныс ең жоғары болған уақытта да сервис желісі бойынша жол жүрудің орташа құны 519 теңгеден артық өспеген. Кейін баға тұрақталған. Компания жолақының қымбаттауын бос көліктердің жетіспеуімен түсіндіреді. Сұраныс артқан кезде жолаушылар такси тезірек табу үшін өздері ұсынатын ақыны көтерген.
Бағаны тұрақтандыру үшін сервис Қазақстанның 17 ірі қаласында «Саудаласпай» тарифін іске қосты. Сонымен қатар жолаушылар мен жүргізушілер ұсына алатын баға аралығы шектелді. Жүргізушілерді көбірек тарту мақсатында сервис комиссияны 1 пайызға дейін төмендетті. Сондай-ақ көліктерді тексеріп, тіркеумен айналысатын қызметкерлер санын екі есе арттырды.
Еске салайық, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне алдын ала ескерту жолдаған болатын. Оған 11 қазанда "Яндекс Go" сервисі уақытша қолжетімсіз болуына байланысты жолақысы едәуір қымбаттағаны туралы хабарламалар негіз болған.
Оқи отырыңыз:
"Яндекс" бір күнде күйрегеннен кейін Қазақстанда отандық такси платформасы әзірленуі мүмкін бе?