Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысының жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс Бостандық аудандық полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінде тіркелген.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің тексеру қорытындысын да ескеретінін хабарлады. Тергеу нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін 12–13 қазанда РФММ-нің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылғаны хабарланған болатын. Тағы сегіз оқушы мектеп-интернатта оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің нұсқамасымен мектептің, интернаттың және асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды. Мамандар зертханалық талдауға сынамалар алған.
Айта кетейік, Алматыдағы РФММ-нің 47 оқушысы ішек инфекциясына күдікпен ауруханаға түсті. Тағы сегіз бала оқшауланып, мектептің, интернаттың және асхананың жұмысы уақытша тоқтатылды.