Белгілі қаламгер Нүриддин Шәмшіұлы өмірден өтті

Белгілі қаламгер Нүриддин Шәмшіұлы өмірден өтті
Нүриддин Шәмшіұлы. Фото: ашық дереккөзден

Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы», «Ордабасы оттары» газетінің редакторы, ардагер ұстаз Нүриддин Шәмшіұлы өмірден өтті.

Нүриддин Шәмшіұлы 1949 жылы 8 сәуірде Түркістан облысы Ордабасы ауданында дүниеге келген.

1966 жылы Темірлан ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. Жоғары оқу орнын 1970 жылы аяқтаған.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған

Нүриддин Шәмшіұлы еңбек жолын 1970 жылы мұғалім болып бастаған.

1974 жылдан бастап сол кездегі «Коммунизм таңы» – «Заря коммунизма», қазіргі «Ордабасы оттары» аудандық газетінде тілші және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

1985 жылдан бастап аудандық білім бөлімінде әдіскер, мектеп инспекторы, бас маман, әдістемелік кабинет меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары және мектеп директоры қызметтерінде еңбек еткен.

Зейнетке шыққаннан кейін де қаламын тастамады

Зейнет жасына шыққаннан кейін де Нүриддин Шәмшіұлы журналистикадан қол үзбеген.

Ол «Ордабасы оттары» газетінің редакторы ретінде ауданның қоғамдық, рухани және мәдени өміріне қатысты мақалалар жазып, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келді.

Нүриддин Шәмшіұлы Әлем халықтары жазушылар ұйымының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық академиясының профессоры, Қазақстанның Құрметті журналисі болған.

Қаламгердің деректі хикаяттары, әңгімелері, эсселері мен танымдық бағыттағы кітаптары жарық көрген.

Марапаттары

Нүриддин Шәмшіұлының білім беру, журналистика және қоғамдық саладағы көпжылдық еңбегі бірқатар мемлекеттік және салалық марапатпен атап өтілген.

Ол Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері атанған.

Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен, 2021 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған.