Атырауда 12 қазанға қараған түні «Восток» шағынауданында күкіртсутектің мөлшері рұқсат етілген шектен 4,3 есе жоғары болған. Қала тұрғындары қою түтін мен жағымсыз иіске жаппай шағымданып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, «Восток» шағынауданында күкіртсутектің мөлшері текше метріне 34,2 микрограммға жеткен. Ал белгіленген шекті мөлшер – 8 микрограмм.
Сол түні Самал шағынауданында көміртек тотығының мөлшері де рұқсат етілген деңгейден 1,8 есе асып кеткен.
Тұрғындар ауадағы жағымсыз иіске шағымданғанымен, ластанудың нақты себебі әзірге белгісіз. Зиянды заттардың қайдан тарағаны және оған кім жауапты екені де анықталмаған.
Жазба авторы Атырау облысының экология департаментіне ресми сауал жолданғанын хабарлады. Қаладағы экологиялық жағдайға алаңдаған кейбір тұрғындар тіпті басқа жаққа көшуді ойлап жүргенін айтқан.