Талдықорғанда фельдшер екі жасар қызды ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қоғам белсендісі Александр Цойдың мәліметінше, оқиға қала көшелерінің бірінде болған. Ойнап жүрген екі жасар бүлдіршін абайсызда арыққа құлап кетіп, суға тұншығып қалған. Куәгерлер сәбиді судан шығарып алғанымен, сол сәтте оның жүрегі соқпай, ес-түссіз жатқан.
Шақырту бойынша жеткен жедел жәрдем қызметкері Алмабек Батқалбаев бірден алғашқы көмек көрсетуге кіріскен. Ол бүлдіршіннің жүрегіне массаж жасап, тынысын қалпына келтіруге тырысқан. Алайда ұзақ уақыт бойы еш белгі болмаған.
“Алмабектің өзі айтқандай, бала жол бойы дем алмаған. Қанша күш салса да, жүрегін соқтыра алмаған. Бірақ ол сонда да берілмей, массаж жасауды тоқтатпаған”, – деп жазды қоғам белсендісі.
Алайда аурухана алдына жеткен сәтте күтпеген жағдай болған. Көлік тоқтай бергенде екі жасар қыз кенеттен жылап жіберген. Сол сәтте оны аман алып қалуға бар күшін салған Алмабек Батқалбаев та көзіне жас алған.