Талдықорғанда синтетика таратумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Талдықорғанда синтетикалық есірткіні өткізумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыптыны ұстады. Олар - Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны.
Тергеу мәліметіне сәйкес күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген. Жеке тінту және кейінгі тергеу әрекеттері барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ, есірткілерді өлшеп-орауға және таратуға арналған заттар тәркіленді.
Талдықорған қаласында уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткі мен олардың заңсыз қызметпен айналысқанын айғақтайтын құрал-жабдықтар анықталған.
"Тергеу нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр", - деді полиция.