Талдықорғанның бұрынғы әкімі Әсет Масабаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әсет Масабаев Талдықорған қаласының әкімі қызметін 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың маусым айының соңына дейін атқарды. Оның қызметтен кетуін жаңа әкім Ернат Бәзіл денсаулық жағдайымен байланыстырған еді. Белгілі болғандай, жұмыстан шығар алдында Масабаев микроинсульт алған.
Әсет Масабаевтың Алматы әкімдігінде жетекші лауазымдарда 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, әкімнің бас инспекторы, табиғи ресурстар және энергия тиімділігі басқармаларын басқарған.
Талдықорғанға тағайындалмас бұрын, Масабаев Алматы қаласының Медеу ауданы әкімі қызметін бір жарым жыл бойы атқарған.