Жыл басынан бері көлік полициясы Астана мен Алматы әуежайларында есірткі контрабандасының 27 дерегін анықтады. Заңсыз айналымнан 98 келі есірткі тәркіленіп, оның қара нарықтағы құны 2,5 млрд теңгеге бағаланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы көлік полициясының департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев мәлімдеді.
Тәркіленген есірткі мөлшері шамамен 180 мың бір реттік дозаға тең.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы шетел азаматын ұстаған. Оның қолынан 17 келі есірткі тәркіленді. Тергеу мәліметінше, күдікті есірткі партиясын Таиландтан Қазақстанға жеткізіп, кейін заңсыз арналар арқылы сатуды жоспарлаған.
Сот оны кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айырды. Көлік полициясы халықаралық есірткі тасымалы арналарының жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Фараби Елубаев азаматтарды сақ болуға шақырып, ішіндегі заттың не екенін білмейтін жағдайда бөгде адамдардың сәлемдемелерін, пакеттерін және басқа да заттарын сақтауға немесе тасымалдауға алмауға кеңес берді.
«Сенгіштік пен салғырттық адамды қылмысқа сыбайлас етіп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», – деді ол.