Науқастарды тамақтандыру конкурсы сотқа жетті: кассациялық сот шешімді өзгертті

Науқастарды тамақтандыру конкурсы сотқа жетті: кассациялық сот шешімді өзгертті
pixabay.com

Қостанайда аурухана пациенттерін тамақтандыру қызметіне қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижелері кассациялық сот шешімімен жойылды. Бұған жеңімпаз компанияның біліктілік талаптарына сәйкестігіне қатысты дау себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дау Қостанай облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы мен «L.» ЖШС арасында туындаған.

Мемлекеттік сатып алудың тапсырыс берушісі Қостанай қалалық ауруханасы болған. Бастапқыда конкурс жеңімпазы ретінде «С.» өндірістік кооперативі танылған. Алайда қатысушылардың шағымдарынан кейін оның өтінімі қабылданбаған. 2025 жылғы 28 қарашада жеңімпаз болып «S.» ЖШС танылып, «L.» ЖШС екінші орын алған.

«L.» ЖШС жеңімпаз компания конкурс құжаттамасында талап етілген диеталық мейіргердің бар екенін растайтын құжаттарды ұсынбаған деп есептеп, сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырып, конкурс қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз, ал мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп таныған. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

Кассациялық сот апелляциялық инстанцияның тұжырымдарымен келіспеді. Соттың мәліметінше, «S.» ЖШС ұсынған куәлік конкурс құжаттамасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестікті растауға жеткіліксіз болған. Сондықтан компанияның өтінімі қабылданбауға тиіс еді.

Сот апелляциялық инстанцияның диетология саласындағы мейіргерлік іс мамандығының сертификаттауға жататын мамандықтар тізімінде болмауына қатысты уәжін де негізсіз деп таныды. Себебі бұл жағдайда мәселе маман сертификатының болуында емес, конкурс құжаттамасында көрсетілген біліктілік талаптарының орындалуында болған.

Осылайша, кассациялық сот апелляциялық сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырды. «L.» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырылды.