БҚО-да көлік нарықтық бағасынан екі есе арзанға сатылған

БҚО-да көлік нарықтық бағасынан екі есе арзанға сатылған
pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушысы борышкердің кепілдегі көлігін заң талаптарын бұза отырып сатқаны анықталды. Сот көлікті өндіріп алу, оны сатуға беру және электронды аукцион қорытындылары туралы қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

БҚО мәліметінше, талап қоюшы жеке сот орындаушысының мүлікті өткізу кезіндегі әрекеттеріне шағымданған. Оның айтуынша, банкте кепілде тұрған автокөлік кепілдегі мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы заңда көзделген сот актісінсіз сатылған. Бұл ретте борышкерлердің кепілмен ауыртпалық салынбаған басқа да мүлкі болған.

Соттың анықтауынша, автокөлік электронды аукционда 6 млн 680 мың 850 теңгеге сатылған. Ал оның нарықтық құны 12 млн 147 мың теңгені құраған.

Сот жеке сот орындаушысы кепілдегі мүлікке өндіріп алуды қолданудың заңда белгіленген тәртібін сақтамаған деген қорытындыға келді.

Осыған байланысты сот 2025 жылғы 1 қазандағы көлікке өндіріп алуды қолдану туралы қаулыны, 2025 жылғы 15 желтоқсандағы оны сатуға беру туралы қаулыны және 2026 жылғы 15 қаңтардағы электронды аукцион қорытындылары туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жойды.