Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы қазір бүкіл еліміз бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтып, олардың әрқайсысына тоқталып өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің айтуынша:
- 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен бірге, "Талдықорған – Үшарал" магистральді газ құбыры мен "Бейнеу–Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу жоспарланған.
- Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салады. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылатын болады.
- "Кендірлі" демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етеді.
- Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі.
- Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады. "Достық-Мойынты" темір жол учаскесінің және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. "Қызылжар – Мойынты" бағытында жаңа жоба басталады.
- Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. "Қорғас – Шығыс қақпа" ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады.
- Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді. Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор.
"Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн.
"Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес", - деді Мемлекет басшысы.