Т. Махатқызы: «Ерекең отбасымызбен Қазақстанның барлық жерін аралаймыз дейтін»

Dalanews 02 жел. 2016 12:47 955

Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, сазгер, актер Ермұрат Зейіпханұлы биыл тірі болса 50-ге толар еді. 70-ке жуық әннің, үш жыр жинақ пен бір проза кітабының авторы, М. Әуезов театрында және Абай атындағы Опера және балет театрында қызмет істеген, өмірінің соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде негізгі әнші әрі фольклорлық бөлімнің жетекшісі болып ұзақ жыл еңбек еткен дарын иесі осыдан 5 жыл бұрын өмірден озған болатын.

«Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан», «Дүниеғапыл», «Тәңірім – Тәңіртауым», «Жайлауым-әнім» секілді кең диапазонды әндерін бұл күндері елімізге белгілі әншілер әртүрлі мәнерде орындап жүр.

Келер аптаның сәрсенбісінде Алматыдағы Әуезов театрында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ермұрат Зейіпханның 50 жылдығына арналған «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты еске алу кеші өтпек. Отанын шексіз сүйген бітімі бөлек дегдар жанның соңына қалдырған рухани мұрасын дәріптеу, елге кеңірек насихаттау – ел борышы.

Осы орайда марқұмның отбасына барып, жары Тұрангүл Махатқызын, ұлдары Қабанбай мен Найманғалиды арнайы сөзге тартқан едік.

Тұрангүл МАХАТҚЫЗЫ, жары:

– Ерекең өмірден беймезгіл аттанғанда біз қайғыдан есеңгіреп қалдық. Үш ұйықтасақ та, ол кісі бізді тастап арғы әлемге – мәңгілік мекенге кетеді деп ойлап па едік. Бізді ауыр қайғыдан жұрттың Ерекеңе деген ыстық ықыласы құтқарды. Қайғымызға ортақтасып, соңғы шаруаларын бірге атқаруға көмектескен қалың бұқарада қисап жоқ. Араласып жүрген дос-жараны, бауыр-туысы, қызметтес әріптестері ғана емес, ол кісіні өмірінде көрмеген, бірақ өнерін ерекше бағалайтын жұртшылық көңіл айтып, жанымызға медеу болды.

Ерекең туралы ойлай бастасам, менің көз алдыма ең алғаш көрген сәтім еске түседі. Бозбала шақтан енді өтіп, жігіттікке аяқ басқан мезеті. Сырқаттанып, емханаға түсіпті. Шешем: «Менің бауырым емханада жатыр екен. Тамақ апарып бер», – деп мені жұмсады. Ерекең сүйек жағынан бізге нағашы болып келеді. Жүзі мейірімді, көзінде елден ерек от бар бозбала екен. Рахметін айтып, шығарып салды. Кейін арада біраз жыл өткен соң Күйтүндегі Өнер колледжін бітіріп, Құлжа қаласындағы телеарнаға жұмысқа тұрыпты. Мен ол кезде сол қаладағы медицина институтына оқуға түскен едім. Біздің жақынырақ танысып, араласуымыз сол кезден басталды. Өзінің ортасында сәні де, әні де бөлек, нағыз ер көңілді жігіт еді. Мені жатақханама дейін шығарып салатын. Үнемі жағдайымды сұрап, бар көмегін аямайтын. Екеуміздің арамызда бірте-бірте ынтықтық оянды. Біз ортақ шаңырақ көтердік.

%2fstorage%2femulated%2f0%2ftencent%2fmicromsg%2f0db194726d7ea8f8d6f7da0e051e967a%2fimage2%2f8e%2fcb%2f8ecbe5d41dff299a84207e9cb2786e081991 жылдың күзінде Ерекең оқу барысымен Қазақстанға – Атамекенге аттанды. Мен жас отауды күзетіп жалғыз қалдым. Бір жылдан соң тұңғышымыз Қабанбай өмірге келді. Ерекең қасымда болып, қатты қуанды. Атын Қабанбай деп өзі қойды.

Мен осыдан тура 7 жылдан кейін тұңғыш ұлымызды ертіп, Алматыға келдім. Ол кездері бүгінгідей емес еді ғой. Құжат жасау, шақырту алдыру, хат-хабар жіберу... бәрі қиын еді. Оның үстіне Ерекең бұл жақта оқу оқып, диплом алып, жұмысқа орналасқанша да біраз жыл өтті. Бізге тек хат жазып, Қабанбайын қатты сағынғанын, мүмкіндік болса баратынын айтатын.

Біз келгенде Ерекең Қабанбайын құшақтап, көзіне мөлдіреп жас келіп: «Менің ұлым үлкен жігіт болыпты ғой» деп айрықша әсерленгенін қалай ұмытарсың. Содан кейін қалалық әкімшілік берген бір бөлмелі пәтерге көшіп бардық. Одан біраз жыл бұрын берілсе де, Ерекең үйде тұрып жатқан зейнеткер кісілерді қинағысы келмепті. «Отыра беріңіздер» десе керек. Біздің қызықты да шыжықты отбасылық өміріміз Алматыда қайта жалғасты.

...Иә, көңілде айтылған сыр да, айтылмаған сыр да жетерлік. Алматының қан базарында қуанышты күндеріміз де, қиналған сәттеріміз де көп болды... Ерекең ешқашан қиыншылыққа мойымайтын. Қолында бар болса, бәріне көмектескісі келетін. Тіпті өзінде жоқ болса да, орайын тауып жұртқа қызмет етуді, көмектесуді құп көретін. Өнердегі өмірі қандай биік, мәртебелі болса, отбасында соншалықты қарапайым, шыншыл еді.

Найманғали туғанда ерекше толқып: «Енді менің ізімді жалғайтын екі азаматым бар. Бұл екеуі әлі-ақ менің атымды шығарады. Мен бұлардың биікке самғағанын көретін боламын. Сол үшін қызмет етем», – деп, балаша мәз болғаны әлі жадымда. Шынымен де балажан еді. Найманды қасынан бір елі тастамайтын. Қайда барса, ертіп алушы еді.

Қабанбай мен Найманғали десе, ішкен асын жерге қоятын. Жұмыстан үйге келгенде ең алдымен екеуін іздейтін. Бір жолы: «Жарықтарым, біз жұмыс-жұмыс деп жүріп, көп нәрсені аңғармай өткізіп аламыз. Бұйырса, бір орайы келгенде отбасылық саяхат жасаймыз. Қазақстанның барлық өңірін аралап, ұлдарыма даламыздың ең көрікті жерін көрсетемін. Олар Отанының қадір-қасиетін танысын!» – деген еді. Амал нешік, Ерекеңнің ол арманы орындалмады.

Ермұраттың жан дүниесін толық түсіну қиын болғанын да сеземін. Ол әдеттегі өмірде көп ашылып сөйлеп, сыр ақтара бермейтін жан еді. Жұмыста, өнерде кейбір қиянаттарды көрсе де, бізге тіс жармайтын. Бәрін ішке сақтайтын.

Кейде қатты қиналған шағымда Ерекең түсіме кіреді. «Сен бұлай үгілме, бекем бол, Қабанбай мен Найманғали саған аманат», – деп жігерлендіріп жатады. Мен сол аманат үшін барлық қиыншылықты жеңуге тиіспін деп қайраттанамын.

 

Ерекеңнің үлкен ұлы Қабанбай Алматыдағы Спорт және туризм академиясын бітірген. Ең алғаш Қабанбайды спорт залына әкесінің өзі ертіп барыпты. Бұған дейін елішілік және халықаралық бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көрінген ол әкесі әнмен желбіреткен көк туды кәсіпқой бокс арқылы әлемге танытсам, Геннадий мен Қанаттың жолын қусам деп армандайды.

[caption id="attachment_21912" align="alignright" width="319"]222 Қабанбай Ермұратұлы[/caption]

Қабанбай Ермұратұлы:

– Әкем өте қарапайым адам болатын. Атақ-даңққа қызыққан жоқ. Тек шығармашылыққа көңіл бөлді. Дегдар жан еді. Өмірі біреуді жамандағанын, елге іштарлық танытқанын естіген де, байқаған да емеспін. Өзгенің кішкентай жаңалығына, жетістігіне сүйініп отыратын. Өзімен өзі ойға шомғанды, әлдебір дүниелерді жазып отырғанды, кітап оқығанды ұнататын. Кейде түн жарымында орнынан тұрып, қолына қалам алып, өлең жазатын. Ондай кезде біз де мазаламайтынбыз.

Ең алғаш балалар және жасөспірімдер арасындағы республикалық жарысқа қатысқанымда әкем де барып тамашалады. Мен бір бойы ұзын баламен жұдырықтастым. Бірінші раундта қатты соққы тиіп, менің мұрным қанап кетті. Екінші, үшінші раундта есемді қайтардым. Жарыс аяқталған соң әкемнің қасына келсем, көзіне жас толып кетіпті. Менің өткізіп алған соққыларыма шыдай алмаса керек. Сырттай қарағанда болаттай берік көрінгенімен, көңілі ерекше бос еді... Маған: «Сенен мықты боксер шығады. Ерінбей жаттық. Мен барда, өзге ештеңеден алаңдама», – деп отыратын. Әкем аман болса, кім біледі, мен де ірі жарыстарға қатысар ма едім...

Әкемнің өмірде орындалмаған арманы көп еді. Ол тірі болса, бәлкім біздің тағдырымыз басқа арнада қалыптасар ма еді... «Сендерді шетелден оқытам. Алдарыңа биік мақсат қойыңдар. Мен жете алмаған дүниеге сендер жетіңдер», – деп отыратын.

[caption id="attachment_21914" align="alignright" width="357"]img_0307 Найманғали Ермұратұлы[/caption]

...Мен әкеммен мақтанамын. Қайда барсам да, Ермұраттың ұлы дегенді естіген жұрт айрықша ілтипат көрсетіп жатады. Сонда іштей: «Әке, сенің атыңды өшірмеу, отыңды сөндірмеу – біздің парызымыз» деп қайталаймын. Егер мүмкіндік туып жатса, спорт саласында жеңіске жетуге құлшынар ем. Әр рет олимпиада ойындарында «Көк тудың желбірегені» әні шырқалғанда, осы ән менің де жеңістерім кезінде қашан шырқалар екен деп қиялдаймын. Сол мақсатқа жету үшін қолымнан келгенше еңбектеніп жүрмін.

 

Түйін:

Ермұрат Зейіпханның кіші ұлы Найманғали қазір Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының мектеп-интернатында 8 сыныпта оқып жүр. Таңдаған мамандығы – суретші. Әкесі Ермұрат жас кезінде суретші болуды армандаған екен. Ардақты әкенің бала кезгі арманын өзі жанынан тастамай ертіп жүретін Найманғали іске асыратынына сенімдіміз.  

Т. ӨСКЕНБАЙ.

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар