Си Цзиньпин алғаш рет Үрімшіге барды

Көркем Алдабергенова 29 қыр. 2025 09:04

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының құрылғанына 70 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Үрімшіге келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай коммунистік партиясының Орталық комитетінің бас хатшысы әрі Қытайдың Орталық әскери кеңесінің төрағасы Си Цзиньпиннің, сондай-ақ орталық партиялық-үкіметтік делегацияның Синьцзяндағы мерекелік шараларға келуі – ел тарихындағы алғашқы оқиға болып отыр.

Төрағаның арнайы ұшағы 14:20 шамасында Үрімшідегі Тяньшань халықаралық әуежайына қонды. Ұшақтан түскен сәтте Си Цзиньпин қарсы алғандарға қол бұлғап амандасты. Ол траптан түсе салысымен балалар сыйлаған гүл шоғын қабылдап алды. Одан кейін әртүрлі этностардың өкілдері ән айтып, би билеп қарсы алды.

Үрімші көшелеріне жиналған халық Қытайдың қызыл жалауларын ұстап, мемлекет басшысының кортежін қарсы алды. Си Цзиньпин көліктің ашық терезесінен халыққа қол бұлғап жауап берді.

Сапар барысында Қытай халық саяси консультативтік кеңесінің төрағасы, орталық партиялық-үкіметтік делегацияның басшысы Ван Хунин және ҚКП ОК канцеляриясының меңгерушісі Цай Ци еріп жүр. Екеуі де ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшелері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар