Светлана Гаитова: «Достық пен ынтмақ қазақ жерінде ғасырлар бойы қалыптасқан»

Dalanews 15 қыр. 2020 17:46 887

Таяуда Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Светлана Гаитова аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті. Жетісу жерінде береке-бірліктің насихатшысы болып жүрген абзал анамыз көкейде жүрген ойларын ортаға салып, еліміздегі ынтмақтың мемлекетімізді нығайтудағы орыны жайында айтып берді



– Светалана апай, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ұлтаралық татулықтың алтын арқауына айналғанына бәріміз куә болып отырмыз. Достығымызды нығайту, татулықты сақтау оңай болмағаны белгілі. Осы күні жеткен жетістігіміздің қаншалықты маңызды екенін жетісулықтар қаншалықты түсінеді?

– Біздер өзімізді бақыттымыз деп айтуға құқымыз бар. Себебі, сан ғасырлар бойы елі мен жерінің азаттығы үшін күресіп, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған қасиетті қазақ топырағында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз.

Түркі жұртына тән Асан қайғы Желмаясына мініп жұртына жәннат жер іздегені жайлы аңыз баршаға белгілі. Сол жерұйық қазақ даласынан табылса, бүгін біздер, Қазақстанды мекендейтін барша ұлт өкілдері. Оның ішінде Жетісудағы өзге ұлт өкілдері осы киелі жердің бел баласы екендігімізді ерекше мақтанышпен айта аламыз. Сондықтан Жетсу жерін мекендегін өзге ұлт өкілдері өңірімізде достық пен ынтымақты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды өте жоғары бағалайды. Бұған әр уақытта өздерінің үлесін қосып келеді. Ортақ Отанымыз Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың сақталуына бәріміз жауаптымыз.

– Қазіргі жастар Отан деген ұғымды әрқалай түсінеді. Көпті көрген азамат ретінде жастар үшін Отан жайындағы ойыңызды бөлісе кетсеңіз?

– Отан деген – ұлы сөз. Ол менің пікірімше, ортақ аумақпен, шекарамен, болмаса қандай да бір заң жиынтығымен ғана өлшенбейді. Отан – рухтың бірлігі, ниет пен мақсаттың тұғыры. Демек, мүддеміз бір болса, Отан алдындағы жауапкершілігіміз де бір ұғымда түйісіп, алға жылжудың, бірлесе күрес жүргізудің басты шарты – елжандылық деген қасиеттің беріктігіне әкеледі.

Қазақстан тәуелсіздігін жария еткен кезден бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының форумында бұл достықтың ғасырлар бойы жиналған тәжірибесінің негізінде қалыптасқанын атап айтқан еді.

Әлемдегі тарихи жағдайларға байланысты қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің бірі тіршілік жасау үшін келсе, бірі зорлықшыл биліктің зобалаңына түсіп, жер аударылып, туған жерінен еріксіз түн қатып көшкендер. Дегенмен, қазақ халқы олардың барлығын жатсынбай, жамандық жасамай, тең құқылы өмір сүруіне жағдай туғызды, жоғын түгендеп, барымен бөлісті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі өзін ақтаған маңызды қоғамдық инситутқа айналғанын білеміз? Ассамблея жұмысын қалай бағалайсыз?

– Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарын­да КСРО құрамындағы республикалар тәуелсіздігін жариялаған тұста көптеген мемлекеттер бірінші кезекке өз ұлтының мүддесін ден қойды. Тәуелсіз Қазақстан алғашқы қадамдарын мұндай өрескел әрекеттермен емес, қайта қазақ жерін мекендейтін барлық ұлттардың алаңсыз, өз мүмкіндіктеріне сай өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай жасаудан бастады.

Сөйтіп, дүниежүзінде баламасы жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Елімізде ұлттық мектептер ашыл­ды, театрлар өркен жайды, газеттер шыға бастады. Еліміздің Ата Заңында қазақ жерін мекендейтін барша ұлттар мен ұлыстардың тең құқықтығы жарияланып, бұлжытпастан орындалуда. Елбасының: «Өз жерінде, өз елінде жүріп қазақтай зардап шеккен ешқандай халық жоқ» деп айтқаны есімде қалыпты. Тарихқа көз жүгіртсек, әрісін айтпағанда, сонау азамат соғысынан бері қарай байларды тәркілеу, 30-шы жылдары орын алған ашаршылық пен қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы қазақтың қаншама азаматтарының қатарын сиретіп, басын бәйгеге тіктірді десеңізші.

Мен сан ғасырлық тарихы, өзіне тән дәстүр-салты, өнері мен мәдениеті бар ұйғыр халқының қызымын. Өз ұлтымды сүйіп, танып, өз тілімде сөйлеймін. Алайда, қандай шаруамен айналысам десем де кедергі көріп отырған жоқпын. Қазақтармен құқымыз бірдей, жағдайымыз жақсы. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегеннің керін келтірмей, енді біз «Қазақ жақсы, қазақ қонақжай» деген сөздерді қайталай бермей, оларға көмектесу үшін нақтылы шараларға көшуіміз керек. Демек, біз қазақ ұлтының өркендеуі арқылы өз бақытымызды толыққанды сезінетінімізді ойлайтын күн келді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның сессиясында біз жеріміздегі «Бейбітшілік пен келісімге үйреніп кеткеніміз соншама, оны күнделікті жұтып жүрген ауа сияқты аңғармайтын болғанбыз» деген еді. Расында, шетелде біздегі татулықты «қазақстандық керемет» деп қабылдайды.

Бірақ біз жайбарақаттыққа, мардымсуға жол бермеуіміз керек. Бір нәрсе айтпас бұрын, әлдебір әрекет жасар алдында бұл қылығым ортақ Отанымыздың мүддесіне сай келе ме, ұлтаралық достық пен татулыққа кесірін тигізбей ме деп ойланып алғанымыз дұрыс. Қазақстаннан Германияға көшіп кеткен жерлестеріміз жайлы мынандай бір әңгіме бар. «Бірде бүлдіршін қыз ентіге жүгіріп кіріп, шешесіне неміс тілінде: «Мама, біздің қазақтар келді. Домбыра! Домбыра! Жүр, барып тыңдаймыз» деп айқай салған көрінеді.

Сонда көптеген адамдар жұмыстарын қоя салып, жүгірген екен. Осылайша туристік сапармен жүрген қазақстандық автобустың ішінде ойнап тұрған қазақ музыкасын тыңдап, бір жасап қалыпты.

Бұл Қазақстанда туған сол сәбидің қазақ жеріне, оның өнеріне деген сүйіспеншілігін, жүрегіне ұялаған махаббатын көрсетпей ме?

Меніңше, қазақтың салт-дәстүрін көріп, ұлттық тағамдарынан дәм татып, ән-күйін тыңдап өскен өзге ұлт өкілдерінің қай-қайсысы болсын қазақ жерінің қасиетін ұмытпайтыны анық.

– Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың моделі әлем елдерін қызықтыратынын жиі естиміз. Мұның қандай құпиясы бар деп ойлайсыз?

– Өркениет өріне шыққан елдердің өзінде ұлтаралық қатынас мәселесі толық шешімін таппай келеді. Осы орайда біздің тәжірибемізді Еуропаға қолданудың да сәті түскендей. Біз бүгін өте күрделі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Жан-жағымызда ұлттық, діни тұрғыдағы кикілжіңдер жиі орын алуда.

Осы орайда ұйғыр ұлтының өкілі ретінде қазақ халқына деген ізгі ниетімді ерекше айтқым келеді. Елбасының өзі үлкен шаңырақтағы ұлттар мен ұлыстардың тең құқығын қамтамасыз еткені осыған дәлел. Қазақта «Үй ішінен үй тікпес болар» деген мәтел бар. Сол айтқандай, баршамыз ортақ Отанымыздың болашағына алаңдауға тиіспіз. Ол үшін әрқайсымыздың жүрегімізде қазақстандық патриотизм, ел мен жерге деген кіршіксіз сезім болуы керек. Ағаш тамырсыз болмайды. Егер ұрпақтар арасындағы айрандай ұйыған татулық үзілсе, онда мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр.

Бұл жерде мен ана, әже және «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің төрайымы ретінде аға ұрпақ өкілдерінен балаларды елжандылыққа, достық пен татулыққа тәрбиелеуге, ұлтаралық келісімді ана сүтімен бойға сіңіруге үндер едім. Барша отандастарым бұл айтқандарымды дұрыс қабылдайтынына сенемін.

– Қазақстандағы ұлтаралық татулықты дамытудағы Елбасының орнын қалай айшықтар едіңіз?

– Тамыры бекем татулығымыздың басты үйлестірушісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені даусыз шындық. Сол кісінің ішкі-сыртқы сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде ұлтаралық татулықтың, халықаралық келісімнің берік негізі қаланып отыр.

Ел егемендігі тұсында да бір табыстарға қол жеткізсек, солардың барлығы Елбасының есімімен тікелей байланысты. Демек, Нұрсұлтан Әбішұлындай дана көшбасшымыз бар кезде Қазақстан тек өсіп-өркендей береді деп толық сеніммен айта аламын.

Сұхбаттасқан Нұрлан Әубәкір

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар