Мәскеуде дрон шабуылына ұшыраған элиталы тұрғын үй кешенінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Алтай Асқардың бизнес серіктесі тұратыны белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
“Выход к морю” telegram арнасының мәліметінше, шабуыл жасалған "Дом на Мосфильмовской" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірі кәсіпкер Данияр Төлемағанбетовтің атына рәсімделген. Ол Алтай Асқармен ортақ бизнес жүргізеді.
Арна мәліметінше, дүйсенбіге қараған түні украиналық дрон Мәскеудегі ең танымал элиталы кешендердің бірі саналатын "Дом на Мосфильмовской" тұрғын үй кешеніне соғылған. Мәскеу билігінің алдын ала дерегінше, тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.
Аталған кешенде ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктердің туыстары, ірі кәсіпкерлер мен шетелдік азаматтар тұратыны айтылған. Ресейлік жылжымайтын мүлік базаларындағы мәліметтерге сүйенген авторлар “Дом на Мосфильмовской” кешеніндегі пәтерлердің бірі Данияр Төлемағанбетовтің атына тіркелгенін жазған. Ал Қазақстандағы Shishkin like жобасының мәліметінше, ол Алтай Асқармен бірге дизель отыны мен электр энергиясы саласында бизнес жүргізеді.
Сондай-ақ жазбада Төлемағанбетовтің әкесі Мұрат Төлемағанбетовтің украиналық NAVI киберспорт командасына демеушілік көрсеткені де айтылған.
Бұдан бөлек, “Выход к морю” арнасы Алтай Асқардың да Мәскеуде жылжымайтын мүлкі бар екенін жазған. Мәліметке сәйкес, ол Москва-Сити іскерлік ауданындағы “Меркурий” мұнарасынан пәтер иеленген.
Айта кетейік, Дом на Мосфильмовской тұрғын үй кешені бұған дейін де бірнеше дауға ілінген. Жоба құрылысы кезінде ғимарат қабаттарының саны бірнеше рет өзгеріп, кейін Мәскеу билігі оны заңсыз салынған нысан ретінде тануға тырысқан. Кейін құрылыс компаниясы мен қала әкімдігі келісімге келген.