Суицидтен аман қалған ПД баспасөз хатшысы президенттен араша сұрады

Dalanews 16 мам. 2022 05:28 319

Суицид жасап, өмірмен қоштаспақ болған Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі президент Тоқаевтан араша сұрады. Мөлдір Бекеева "өзім ғана емес, жақындарымның да өмірі үшін алаңдаймын" дейді.

Бұл туралы ол әлемжелідегі парақшасында жазды.

Ол неліктен өмірімен қоштаспақ болғанын айта келіп, желідегілерден әділдік үшін күресуге көмек сұрады.

"Адам тағдырымен "ойыншықша" ойнап, қолдан қылмыстық іс ашып, қайта-қайта қаматамын деп қудалап, соңында қамауға шешім қабылдағанын көргенде менің басқа амалым қалмады. Әділдікті өз өмірімнен де артық көрдім, қидым! Сіздерден әділдік үшін күресуге көмек сұраймын. Енді шындықты, ақиқатты еш қорықпай ашып айтуға болады!" — делінген жазбада.

Мөлдір Бекеева үстінен қылмыстық іс қозғалуға себеп болған шулы аудиожазбаға қатысты да түсініктеме беріп өтті.  


Ол желіде тараған аудионың жала екенін айтып отыр.

Ал аудиодағы дауыс иесі — Мақсат есімді қызметкері өзін сол кездегі Полиция департаментінің бастығымен байланысың бар деп, қаралап келді деп отыр. Бекеева өзінің пәктігін дәлелдеу үшін кез келген тексеруге дайынмын дейді.

"Бұл — барып тұрған кибербуллинг, кесіп-кесіп арнайы техникалық өңдеуден өткізіп, монтаждап, соңында мені "құбыжық" етіп көрсеткен.

Шынтуайтында, бұл "Мақсат" есімді қызметкер жауапкершілік пен сауаттан жұрдай, апталап жұмысқа келмейді.  "Қайда жүрсің" деп сұрасаң, мені кеп балағаттап, "менің "крышам", сенің "крышаңнан" әлдеқайда мықтырақ" деп, тіпті сол кездегі департамент бастығы "Е. Жұмаханбетовтың нақсүйерісің, ж*лебісің", — деп еш негізсіз қаралайтын.

Өзімнің арым мен тазалығымды дәлелдеу үшін тіпті кез келген гинеколог-экспертизаға да баруға дайынмын!" — деп жазды Мөлдір Бекеева.

Баспасөз хатшысы бұл аудиожазба үшін өзіне қол салмас бұрын бар шындықты Полиция департаментінің қазіргі бастығы Қайрат Дәлбековке айтып, ішінара тәртіптік жүйеде шешпек болған.


"Бірақ генерал мырза мені тыңдағысы да келген жоқ! "Орныңнан алып, қылмыстық іс қозғатамыз" деді. Содан тергеу жөніндегі орынбасары қайта-қайта хабарласып, Анықтау басқармасының бастығы хабарласып, билік өкілін қорлау баб бойынша іс қозғалды. Қайта-қайта қаматамыз дегені несі? Сонда әділдік қайда? Бұған қалай төзуге болады? Қызмет орным үшін. Екі ай бойғы қысым мен қудалау шегіне жетті! Үстімнен іс қозғалды, енді жазықсыз қамалып кеткенше — өлген артық екенін түсіндім, өзіме қол салдым", – дейді ол.

Мөлдір Бекееваның мәлімдеуінше, қалалық Полиция департаментінің басшысы ауысқалы бері командалық ауыс-түйіс орнап, кейбір қызметкерлерден маза қашқан. Алайда Ішкі істер министрі Полиция департаментінің бастығына тек сөгіс беріп шектелді деп отыр. Оның жазуынша, Шымкенттің бас полицейінің артында "мықты" адамдар бар.

"Командалық" көшу, "шәй-майға" жинау дегенді мүлдем естімегенмін! Ал Дәлбеков келгеннен кейін, "шай-майға" жеке құрамнан жинаймыз" деген сөзін Антикор жедел бейнежазба арқылы дәлелдеп берді емес пе?

"Командасымен" көшіп кеп, жемқорлыққа жол беріп отырған генералға тек "сөгіс" берумен шектелгенді қалай түсінуге болады? Неге әлі қызмет орнында департаментті басқарып отыр? Енді кеп маған қатысты жүріп жатқан тергеу амалдарына қысым жасап, араласса не болады? Себебі қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатқанына қарамай, істің ақ-қарасы анықталмай жатып, Ішкі істер министрлігінің өзі менің айтқандарымды жоққа шығарып, тіпті онысын БАҚ-қа таратты. Мен енді ІІМ-не де сенбеймін!" — деп жазды ол.

Бір өлімнен аман қалған ол енді тек өз өмірі үшін ғана емес, жақындары үшін де алаңдаймын дейді.

Елдің алдында ақиқатты айтып отырып, қазір өзімнің ғана емес, жақындарымның да өмір қауіпсіздігі үшін алаңдаймын. Конституцияның кепілі — Президентіміздің өзі қатаң бақылауға алуын өтініп, сұраймын!" — делінген жазбада.

Айта кетелік, сәуір айының 5-інде Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева жұмыстан кету туралы арыз жазған соң суицид жасап, өмірімен қоштаспақ болды. Ол мұндай қадамға баруына басшылықты кінәлап, ары қарай шыдай алмайтынын айтып хат жазған.

Хатта өзінің үстінен қылмыстық істің қозғалғанын атап өткен. Бұл іс әлеуметтік желіде пайда болған шулы аудиожазбадан соң қозғалған. Онда баспасөз хатшысы делінген адамның қызметкеріне былапыт және ар-намысқа тиетін сөздерді тоқтаусыз айтқанын естуге болады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар