Күзде суық тию, тұмау және басқа да вирустық аурулар көбейе бастайды. Ауа райының құбылуы, күннің қысқаруы, ылғал мен жел – бәрі де ағзаның әлсіреуіне әсер етеді. Дегенмен, сырқаттан сақтанудың ең тиімді жолы – дұрыс тамақтану. Адам денсаулығына қажетті дәрумендерге бай өнімдерді ұсынамыз, деп хабарлайды Dalanews.kz
Неліктен күзде жиі ауырамыз?
Күн сәулесінің азаюымен ағзада D дәрумені төмендейді, ал суық пен температураның күрт ауысуы иммунитетті әлсіретеді. Сонымен қатар, оқу жылы мен жұмыс маусымының басталуы жүйке жүйесіне қосымша салмақ түсіреді. Мұның бәрі вирустардың таралуына қолайлы орта жасайды.
Иммунитетті жақсартатын күзгі тағамдар
- Табиғи антисептиктер — пияз бен сарымсақ
Бұл көкөністердің құрамындағы аллици́н вирус қабықшасын бұзып, инфекцияның дамуын тежейді. Тамаққа шикі күйінде аздап қосу — ең қарапайым профилактика.
- Бал
Балды тұрақты пайдалану ағзаны жылытып, бактерияларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Әсіресе бал мен лимон қосылған жылы шай — суық күндердің таптырмас қорғаны.
- Жидектер мен жемістер
Бүлдірген, қарақат, итмұрын — С дәруменінің нағыз қайнар көзі. Олар ағзаны тазартып, қан айналымын жақсартады.
- Көкөністер мен қызыл-сары түсті өнімдер
Сәбіз, асқабақ, қызыл бұрыш, алма және т.б өнімдердің құрамында бета-каротин бар. Ол тері мен шырышты қабықтың қорғаныс қызметін нығайтады.
Қажетті дәрумендер мен минералдар
D дәрумені – күн азайған кезде ағзаға ең қажет элемент. Оны балық, жұмыртқа, сары май және бауыр секілді тағамдардан алуға болады.
C дәрумені – жаңа піскен көкөністер мен жемістерде мол. Ағза бұл дәруменді жинай алмайтындықтан, оны күн сайын тұтыну маңызды.
B тобы дәрумендері – жүйке жүйесін қолдайды және энергия береді. Бұл дәрумендер қарақұмық, сұлы, бұршақ және жаңғақта кездеседі.
Күзгі рационның үш басты ережесі
- Күніне кемінде бес түрлі түсті жеміс пен көкөніс жеңіз. Бұл дәрумендер мен антиоксиданттардың теңгерімін қамтамасыз етеді.
- Жылы және сұйық тағам: күзде ағзаның суыққа төзімділігін арттыру үшін сорпа мен ыстық ботқаларды көбірек тұтынған дұрыс.
- Су ішу тәртібі: суықта шөл азаяды, бірақ ағзаға су қажет. Күніне 1 кг дене салмағына 30–35 мл су ішу ұсынылады.
Қарапайым, бірақ пайдалы сусындар
- Итмұрын тұнбасы – табиғи иммундық қорғаныс көзі.
- Зімбір мен лимон қосылған шай – суық тигенде көмектеседі.
- Қантсыз жидек морсы – ағзаны ылғалдандырады және вирустарға тосқауыл болады.
