Суға шомылатын - Дуров, кінәлі - ұлттық парк қызметкері

Dalanews 08 қаз. 2025 09:44

Кеше, 2025 жылғы 7 қазанда әлеуметтік желіде Павел Дуровтың Алматы облысындағы Көлсай көлінде мұздай суға шомылған сәтінің видеосы тарады. Алайда 40 жастағы Telegram-ның негізін қалаушы бұл әрекетімен Қазақстан заңын бұзғанын аңдамай да қалған сыңайлы.  Есесіне, оның бұл білместігі үшін ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері жазаланатын болды, деп жазды Dalanews.kz.

Алдымен желідегі қызу талқыланып жатқан видеоға қатысты "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі мәлімдеме жасады:

"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде "ВКонтакте" және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық табиғи паркінде мұздай суда шомылған сәті түсірілген видео тарауда. Осыған байланысты біз Көлсай көлдерінде шомылу туристік маршруттың төлқұжатына сәйкес қатаң түрде тыйым салынатынын ескертеміз. Аталған жағдайға байланысты парк басшылығы қызметтік тексеріс бастады. Оның қорытындысы бойынша тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылады".

Кейіннен ТАСС агенттігінің ресми сауалына да жауап берген мекеме заңды бұзған Павел Дуровтың өзіне айыппұл салынбайтынын нақтылап, оны былай түсіндірген:

"Біз оны оқиға орнынан ұстап алған да, көрген де жоқпыз. Оны қалай сырттай жазалаймыз? Оның үстіне ол Қазақстан азаматы емес...".

Ал танымал кәсіпкерді Көлсайға шомылуына рұқсат берген саябақ қызметкерлеріне қандай тәртіптік шаралар қолданылатыны белгісіз. Бір белгілісі, шынымен де мұндағы көлге суға түсуге тыйым салынып, оны бұзғандарға айыппұл қарастырылатыны. Ал айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни 39 320 теңге.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар