Түркістан облысында заңсыздық әшкере болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында жүргізген тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегін анықтаған.
"Ы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы 2021 жылғы сәуірде ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара малды жалға алғаны туралы жалған мәлімет, сондай-ақ, селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде ақпарат енгізген.
Мемлекеттен кооперативтің банктегі есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаржысы аударылған. Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңге болған.
"Ы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Заңсыз алынған қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.
