Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге төленді

Кәмшат Тілеухан 10 қаз. 2024 10:06 1207

Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге төленді

2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне (ШОБ) келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары шеңберінде залалды өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

"2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ШОК субъектілерінен 15 млрд теңге сомасына 764 өтінім келіп түскен. Шамамен 12 млрд теңге сомаға 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 млрд теңгеден астам сомаға 615 өтінім (өтінімдердің жалпы санының 80,4%-ы) бойынша төлемдер толық көлемде жүргізілді. 30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасуда, олар аяқталғаннан кейін өтінімдер Өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады", делінген хабарламада.

Өтінімдердің басым бөлігі Атырау (423 өтінім) және Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облыстарынан келіп түсті. Батыс Қазақстан облысынан 87 өтінім, Қостанай облысынан 68 өтінім, Ақтөбе облысынан 51 өтінім, сондай-ақ Ақмола облысынан 28 өтінім келіп түскен.

Еске сала кетейік, қағидаларға сәйкес жоғалған мүліктің (ғимараттардың, құрылыстардың, жабдықтардың) құны, тауарлық-материалдық құндылықтардың құны, зақымдалған ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарының құны өтелуге жатады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар