Freedom Inside '26

Желіде сәбиімен бірге курьер болып жүрген аналар туралы мультфильм тарады

Желіде сәбиімен бірге курьер болып жүрген аналар туралы мультфильм тарады
Иллюстрация: Ertenmedia.kz

Әлеуметтік желіде курьер болып жұмыс істейтін ананың күнделікті өмірін көрсететін қысқаметражды мультфильм жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Stop-motion форматында түсірілген туындыда бала күтімі мен нәпақа табуды қатар алып жүрген әйелдің ауыр тіршілігі бейнеленген. Автор Айяның айтуынша, қоғам көбіне аналарды төзімді болуға шақырады, бірақ олардың күнкөріс үшін күресуге мәжбүр екенін ескере бермейді.

Оның сөзінше, бұл – жеке адамның ғана мәселесі емес, әлеуметтік саясаттағы түйткіл.

Мультфильм Алматыда сәбиін көтеріп жүріп курьер болып жұмыс істеген анаға қатысты оқиғадан кейін жарық көрді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, еңбек жағдайы мен жас аналардың әлеуметтік қорғалуына қатысты сұрақтарды қайта көтерді.

Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, министрлік ірі компаниялармен бірлесіп курьерлерге арналған бірыңғай ереже әзірлеп жатыр. Құжатты келесі айда енгізу жоспарланып отыр.

Министр жас аналардың жұмыс істеуіне тыйым салынбайтынын, алайда мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нақты еңбек талаптары мен шарттары бекітілуі мүмкін екенін айтты.