ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өткен жылдың қорытындысын шығарып, қадағалау саясатының негізгі басымдықтарын, сондай-ақ банк секторын дамытудың 2025 жылға арналған негізгі бағыттарын ұсынды. Бұл туралы агенттік төрайымы Мәдина Әбілқасымованың екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесуі кезінде мәлім болды, деп жазады Dalanews.kz.
Банк секторы мемлекеттің экономикалық мақсаттарын белсенді қолдай отырып, өсу мен тұрақтылықты сақтап отыр. Сектор активтері 19,7%-ға (10,1 трлн теңге) өсті және банктердің несие портфелін және мемлекеттік бағалы қағаздар портфелін ұлғайтуы есебінен 61,6 трлн теңгеге жетті. NPL қарыздарының деңгейі (90+) 3,1%-ды құрады.
Кездесу барысында SREP жаңартылған әдіснамасы бойынша жыл сайынғы қадағалап бағалаудың нәтижелері талқыланды, оның шеңберінде тәуекел-менеджмент және корпоративтік басқару жүйелерінің болуын «формалды» бағалаудан банктердің ішкі процестері егжей-тегжейлі талдауға көшірілді. SREP процесін Агенттік автоматтандырады, бұл қадағалау қызметін цифрландырудағы маңызды қадам болды. Бағалау қорытындысы бойынша банктердің бизнес-процестеріндегі елеулі оң өзгерістер атап өтілді. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылауда прогресс бар, сонымен бірге жекелеген процестерді жақсартуға болады.
Тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеуге ерекше назар аударылды. AQR қорытындысы бойынша банктердің кредиттік портфелінің сапасын арттыру байқалады. Бұл портфельдің жалпы өсіміне, жеке портфельдер бойынша қарыз алушылардың қаржылық жағдайының жақсаруына, сондай-ақ проблемалық берешекті реттеу жөніндегі банктердің жұмысына байланысты. 11 банк бойынша капитал жеткіліктілігінің жалпы деңгейін бағалау 17,4%-дан 16,3%-ға дейін төмендеді, бұл реттеуші минимумнан едәуір асып түсті. Сонымен қатар тұрақты AQR өткізу BICRA (Банк секторының сала және ел бойынша тәуекелдерін бағалау) рейтингінде елдің рейтингін жақсарту факторларының біріне айналды.
Қадағалап стресс-тестілеу нәтижелері банк секторының орнықтылығын растайды, оны халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер де ескереді.
Агенттік төрайымы SREP және AQR нәтижелері бойынша банктерге жеке қадағалау үстемеақысының қолданылғанын атап өтті. Жалпы алғанда, барлық банктердің капитал деңгейі жеткілікті және ең төменгі нормативтерді бұзбайды.
Агенттік кешенді тексерулерден алшақтап, негізгі тәуекелдерді нақты бағалау және қадағалау тиімділігін арттыру үшін SREP және AQR құралдарын пайдалана отырып, тәуекелге бағдарланған тәсілді қолданады. 2025 жылы қадағалау қызметінің негізгі бағыттары корпоративтік басқару, пайыздық, операциялық, кредиттік, модельдік тәуекелдер, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ және санкциялар болады.
Шоғырландырылған қадағалаудың тиімділігін арттыру мақсатында агенттік пруденциялық нормативтерді жетілдірді – банк конгломераты қатысушыларының меншікті капиталына қойылатын ең төменгі талаптарды неғұрлым дәл бағалауды қамтамасыз ету үшін конгломераттың меншікті капиталының жеткіліктілігін есептеудің жаңа тәртібі енгізілді. Банк конгломераттары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптар белгіленді.
Сондай-ақ агенттік жүйелік емес банктер үшін консервациялық буфердің мөлшерін 2%-дан 2,5%-ға дейін ұлғайтты, тәуекелдерді тиімді басқару үшін кредиттер бойынша NPL анықтамасы кеңейтілді, тікелей РЕПО операциялары шектелді, капитал және кредиттік тәуекел бойынша ақпаратты жария ету кезең-кезеңімен енгізілуде.
Мемлекет басшысының елге сенімді шетелдік үш банкті тарту бойынша тапсырмасын орындау шеңберінде және банк секторындағы бәсекелестікті күшейту үшін Агенттік шетелдік банктердің филиалдарын ашу үшін талаптарды жеңілдету бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі.
Агенттік басшысы екінші деңгейдегі банктердің экономикаға кредит беруін ынталандыру үшін реттеушінің қажетті реттеушілік және заңнамалық шаралар қабылдайтынын атап өтті. Капиталды босату үшін бизнеске берілетін кредиттерді тәуекел-саралау коэффициенттері төмендетілді, провизияларды есептеу жөніндегі талаптар жеңілдетілді, кепілдер бойынша өтімділік коэффициенттері арттырылды, еншілес шетелдік банктер үшін кредит беру мүмкіндіктері кеңейтілді.
Биыл меншікті капитал жеткіліктілігі нормативтерін есептеген кезде тәуекел-саралау коэффициенттерін төмендету, ШОБ кредиттеріне кепілдік беру жүйесін енгізу, синдикатталған кредиттеу және қоса қаржыландыру тетігі арқылы ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға кредит беру, сондай-ақ корпоративтік банкроттық тетігін жетілдіру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, кездесу барысында заң жобасына енгізілген және Парламент депутаттарының қарауындағы қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары атап көрсетілді.
Агенттік басшысы биыл кредит беруді ынталандыруға және банктерге реттеушілік жүктемені азайтуға елеулі түрде көңіл бөлінетінін атап өтті. Банктер туралы жаңа заң әзірлеу негізгі басымдыққа айналады. Құжатты дайындау шеңберінде заңнаманы реттеу мен жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылау үшін нарық қатысушыларымен апта сайын кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
Қадағалау саясатын және банк секторын дамытудың негізгі бағыттарын талқылау барысында банктер мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қосымша ұсыныстар айтты.
Нарықпен талқылауды ескере отырып пысықталған Банк секторын қадағалау саясатының 2025 жылға арналған негізгі басымдықтары агенттіктің ресми сайтында жарияланатыны да нақтыланады.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақстандықтар бір жыл ішінде Өзбекстан мен Ресейге 230 млрд теңге аударған" деген материал жарияланды. Сондай-ақ елімізде енді мөлшерлемесі арзан автонесиені алу оңайырақ болатыны да жазғанбыз.