Қазақстандықтар бір жыл ішінде Өзбекстан мен Ресейге 230 млрд теңге аударған

Кәмшат Тілеухан 20 ақп. 2025 15:29 765

Сондай-ақ шетелге жасалған ақша аударымдарының тағы бір бөлігі Түркияға тиесілі. Жалпы, Қазақстандағы ақша аударымдары жүйесі (ААЖ) арқылы жеке тұлғалардың жасаған халықаралық ақша аударымдарының көлемі екінші жыл қатарынан қысқаруда, деп жазады Dalanews.kz.

"Мәселен, 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында ААЖ арқылы шетелге жіберілген ақша аударымдарының көлемі 788,6 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірден 18%-ға аз екенін көрсетеді. Бір жылдағы транзакциялар саны 18,4%-ға, яғни 2,1 млн-ға дейін қысқарды, ал бір реттік аударымның орташа мөлшері тек 0,5%- ға, 374,1 мың теңгеге дейін ұлғайды", - дейді Finprom сарапшылары.

ААЖ арқылы шетелден келіп жеткен ақша аударымдарының көлемі 22,6%-ға азайып, 2024 жылғы қаңтар–желтоқсанда 236,7 млрд теңгені құрады. Транзакциялар саны 20,6%-ға, 787,4 мыңға дейін қысқарды, соның салдарынан бір реттік аударымның орташа мөлшері  2,6%-ға, 300,6 мың теңгеге дейін азайды.

2024 жылғы қаңтар–желтоқсанда шетелге жасалған ақша аударымдарының жалпы көлемінің 80%-ға жуығы үш елге тиесілі: Өзбекстан (234,1 млрд теңге), Ресей (231,2 млрд теңге) және Түркия (156,2 млрд теңге). Сондай-ақ, қомақты көлемдегі ақшалар Грузияға (54 млрд теңге), Қырғызстанға (29 млрд теңге) және Қытайға (26,9 млрд теңге) жөнелтілген. Шетелден Қазақстанға жасалған ақша аударымдарының жартысы Ресейге (61,8 млрд теңге), АҚШ-қа (32,4 млрд теңге) және Оңтүстік Кореяға (24,5 млрд теңге) тиесілі. Ақшалай қаражаттың едәуір көлемі Өзбекстаннан (23,6 млрд теңге), Түркиядан (20,3 млрд теңге) және Германиядан (17,5 млрд теңге) жіберілген.

"Халықаралық ақша аударымдары жүйелері ішінде аударылған 788,6 млрд теңгенің 656,3 млрд теңгесі тек "Золотая Корона" ААЖ арқылы жүзеге асырылған. Алайда, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда "Золотая Корона" арқылы алынған қаражат көлемі 14,4% - ға қысқарды, бұл ретте оның барлық ақша аударымдарындағы үлесі, керісінше, бір жыл ішінде 79,8%-дан 83,2%-ға дейін өсті. Western Union-ның да үлесі артып (5,7% -дан 10,7%-ға дейін), ал көлемі 1,5 еседен асты, яғни 84,2 млрд теңгеге дейін. MoneyGram ААЖ арқылы алынған ақша аударымдары көлемі бір жылда 7%-ға, яғни 17,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды", делінген талдауда.

Шетелден алынған ақша аударымдарына келетін болсақ, "Золотая Коронаға" жалпы көлемнің жартысынан сәл астамын тиесілі: 120 млрд теңге, дегенмен бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 22,8%-ға аз. Бұл жағдайда жүйенің үлесі іс жүзінде өзгерген жоқ. Western Union үлесі бір жылда айтарлықтай өсті (22,7% -дан 30,4%-ға дейін), ал ақша көлемі 3,5%-ға, 71,9 млрд теңгеге дейін артты. MoneyGram ААЖ арқылы алынған ақша қаражатының көлемі бір жыл ішінде 7,2%-ға, 36,5 млрд теңгеге дейін азайды.

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстанға шетелден жасалған ақша аударымдары көлемі бойынша антирекорд тіркелді" деген материал жарияланған болатын. Сондай-ақ қазақстандық 4 банк "Золотая коронамен" жұмысты тоқтатқаны да хабарланған.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар