«Startup Bolashak» байқауына кәсіпкерлерден 2 736 өтініш түскен

Dalanews 29 қыр. 2016 06:02 979

Байқауға 2016 жылы 25 шілде мен 23 қыркүйек арасында өтінімдер қабылданды. Құжаттар «Даму» Қорының барлық аймақтардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында немесе «Даму» Қорының Астана қаласындағы аймақтық филиалында пошта арқылы қабылданды.

Ең көп үміткер Алматы қаласында. Мұнда 365 өтінім тіркелген. Екінші орында 350 өтінім берген Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Шымкент қаласында 269 іс бастаушы кәсіпкер құжат тапсырса, Түркістанда 81 адам байқауға қатысуға ниет білдірген. Үшінші орында - 287 өтінім қабылдаған Астана қаласы.

2015 жылы байқауға қатысушылар саны 2 095 болған еді.

Іс бастаушы кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие салалар қатары: өңдеу өнеркәсібі – 701 жоба, ауыл, орман, балық шаруашылығы – 310 өтінім, білім беру – 227 өтінім, ақпарат және байланыс – 222 өтінім.

Байқауға Қазақстанның барлық аймақтарынан 18 бен 29 жас аралығындағы барлық жас кәсіпкерлер қатыса алады. Екінші стартап жобалар байқауы «Болашак» қауымдастығының 3 грантын ұсынады:

I орын – 7 млн теңге, II орын – 6 млн теңге, III орын – 5 млн теңге. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму Бағдарламасының «жасыл экономика» саласындағы стартаптарын  жүзеге асыру үшін 15 млн теңге гранттары да беріледі.

Үздік идея авторлары инвесторлардан инвестиция ала алады және оларға «Даму» Қоры қолдау көрсететін болады.

«Startup «Bolashak» байқауы екі кезеңмен өтеді. Бірінші кезеңде байқау комиссиясының мүшелері кем дегенде 20 қызықты идеяны іріктеп алады. Ол идея авторлары оқу тренингінен өтеді. Екінші кезеңде үздік 10 бизнес-идея кеңесшілер мен кәсіби менторлармен бірлесіп бизнес-жоспар жасауға кіріседі. Жеңімпаздар 26 қарашада өтетін бизнес-жоспарлар марафонында анықталады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар