СҚО-да «Таза Қазақстан» аясында 70 саябақ абаттандырылады

Ақтоты Жапатова 10 сәу. 2025 09:56 400

Солтүстік Қазақстанда "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында көгалдандыру, аумақтарды тазарту жүргізіліп, халықпен түсіндіру кездесулері өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz

СҚО әкімінің тапсырмасына сәйкес үш айлық абаттандыру айлығы жарияланды. Петропавлда облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бубенко, қала әкімі Серік Мұхамедиев, Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдвокасов, сондай-ақ мердігер ұйымдар, қоғам белсенділері, мемлекеттік органдар мен қала тұрғындарының қатысуымен жиын өтті. Кездесуде аумақтарды абаттандыру мен «жасыл аймақтарды» қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспардың жүзеге асырылу мәселелері талқыланды.

«Азаматтардың экологиялық мәдениеті қалыптасып келеді. Табиғатқа ұқыпты қарау – бүгінгі өміріміздің маңызды бөлігі. Осыған байланысты облыс әкімі Петропавл және Қызылжар аудандары бойынша кеңес өткізуді тапсырды. Қолайлы ауа райы жағдайы абаттандыру жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай кеңестер облыстың барлық аудандарында өтеді», – деді Марат Тасмағанбетов.

«Таза Қазақстан» аясында былтыр 7,6 млрд теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 36 балалар ойын алаңы мен 40 спорт алаңы орнатылды.

«Өткен жылдың қараша айында "Ең үздік аумақты абаттандыру" байқауы өтті. 4 номинация бойынша 4 жеңімпаз анықталды. Жеңімпаздарға балалар алаңдарын орнатуға қаражат бөлінді. Биыл да бұл байқау жалғасады. Номинациялар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Қанат Дүзелбаев.

Абаттандыруға арналған үш айлық кезең басталғалы облыс аумағында 5 мың аула тазартылды. 130 тарихи-мәдени ескерткіш пен 90 саябақ пен сквер санитарлық талаптарға сәйкестендірілді. Полигондарға 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен аумақтарда 2 мыңнан астам ағаш отырғызу, 70-тен астам скверді абаттандыру жоспарлануда.

Дегенмен, проблемалар да бар. Мысалы, кейбір мердігерлер өз міндеттеріне жауапсыз қарауы. Көбінесе құрылыс және жөндеуден кейін көшелер мен аумақтарда қоқыс қалып қояды. Марат Тасмағанбетов мердігерлерге кемшіліктерді шұғыл түрде жойып, бүлінген тротуарлар мен жолды қалпына келтіруді, бордюрлерді ауыстырып, қоқысты шығару керектігін баса айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар