Спортшыларды ғана емес, білімді оқушыларды да қолдау шаралары күшейді: министрлік қанша ақша бөлінгенін жариялады

Спортшыларды ғана емес, білімді оқушыларды да қолдау шаралары күшейді: министрлік қанша ақша бөлінгенін жариялады
gov.kz

Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде қолдау шараларын күшейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақы төленіп келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

"Алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК-ке дейін, қола медаль иегерлеріне 500 АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы төленеді. Мемлекеттік қолдау тек оқушыларға емес, оларды даярлаған педагогтерге де көрсетіледі. 2025 жылы Мемлекет басшысы алғаш рет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған 24 ұстазды "Құрмет" орденімен, "Шапағат" және "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапаттады", – деді ол.

Оның мәліметінше, 2025 жылы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды даярлаған педагогтерге жалпы сомасы 101,7 млн теңге көлемінде біржолғы мемлекеттік сыйақы төленген.

Сондай-ақ, биылдан бастап халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді.