Делегацияны Мәминнің орынбасары Роман Скляр бастап барады. Кездесуде COVID-19-ке қарсы Ресей вакцинасын сатып алу мәселесі сөз болады.
"(Вакцина) алдымен міндетті халықаралық сертификаттың барлық сатысынан өтуі керек", – дейді Қожахметов. Айтуынша әзір коронавирустың таралуын тежейтін вакцина әзірлеп жатқан 10 өндіруші бар.
"Бұлар індеттің бетін қайтаратын ем-дом тәсілдерін іздестіруде. Клиникалық сынақтың үшінші, төртінші сатыдан өткесін барып сертификат алады. Коронавирусқа қарсы әне-міне вакцина ойлап табатын елдермен тез арада меморандумға отырып үлгеру керек. Халықтың 10 пайызын ерте бастан егу қажет деген ДДСҰ-ның ақыл-кеңесін ескеруге тиіспіз. Түптеп келгенде вакцинаның қай елде жасалғаны маңызды емес", – дейді министр өкілі.
Коронавирусқа қарсы Ресей вакцинасының тіркеуден өткенін түнеукүні Путин хабарлаған. "Адам ағзасына қауіп төндірердей теріс әсері жоқ. Керісінше індеттің бетін қайтарар қабілеті бар", деген Кремль басшысы.
Белгілі дәрігер, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Қамшы порталына берген сұхбатында Алматыдағы «Орталық клиникалық аурухана» нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев тексерілмеген вакцинаны азаматтарға салуға түбегейлі қарсы екенін айтқан. Сапасы күдікті вакцина салдырғанша арақашықтықты сақтап, қажетті ем шаралары мен жеке профилактиканы мықтап қолға алған дұрыс.